Елордада «Ұлттық мәдениетті интернет арқылы насихаттау және көпшілікке тарату» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтеді
ЖаҺандану дәуірінде ұлттық мәдениетімізді, өнеріміз бен салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды насихаттау, жеткізу, тарату - ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келе жатқан киелі мұра. Бұл орайда, қазіргі дәуір дамуына сәйкес, ұлттық құндылықтар жайлы үгіт-насихат ісіне ғаламтордың әлеуетін пайдалану - қажет іс. Осыған орай мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында Астана қалалық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Ұлттық мәдениетті интернет арқылы насихаттау және көпшілікке тарату» атты әлеуметтік жоба жұмысы жүргізілуде.
Жоба аясында 15-16 бөлімнен тұратын ұлттық мәдениетті ғаламтор арқылы насихаттауға арналған «Қазақмирас» www.kazakhmiras.kz веб-порталы ашылды.
Веб-порталдың авторы және жетекшісі, халқымызға белгілі продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов.
Дөңгелек үстел отырысына ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, Парламент Мәжілісінің «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшісі Қайрат Сәдуақасов, Астана қалалық ішкі саясат басқармасының бастығы Болат Тілепов, әнші Қыдырәлi Болманов, ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің өкілі Айдос Байбосын, сондай-ақ елімізге белгілі ғалымдар қатысады. Олар ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрлерімізді және классикалық шығармаларымызды, ұлттық мәдениетімізді ақпараттық технология арқылы насихаттау, білім, ғылым, мәдениет және басқадай көптеген салалардағы мәліметтерді интернетке жариялау, мемлекеттік тілдің қолданысын өмірде және электрондық кеңістікте кеңінен пайдалануына мүмкіндік беру туралы сөз қозғамақ.
Дөңгелек үстел отырысы аясында ұлттық мәдениетті, қазақтың ән мен күйін, биі мен жырын насихаттау бағытындағы үздік мақалаларға жарияланған онлайн байқауының қорытындысы шығарылады.