Елордалықтар «Жасыл жапырақ» желек отырғызу акциясына қатысуда

АСТАНА. 23 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін республика бойынша бір мезгілде өтетін «Жасыл жапырақ» жасыл желек отырғызу акциясына елордалықтар да қатысуда. Аталған шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына және БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бекіткен Бүкіләлемдік Жер күніне орайластырылған.
None
None

Акцияның мақсаты - бұл елді-мекендерді көріктендіру, экология мәселелерін шешу, жастарды туған өлкеге және еліміздің болашағына қамқорлық жасау рухында тәрбиелеу. Шара барысында республикамыздың қалалары мен басқа да елді мекендерінде 100 мың түптен астам ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда. Бұған дейін барлық облыстарда көшет материалы дайындалып, ағаш отырғызылатын жерлер, отырғызылған екпелерге күтім жасау және оларды алдағы уақытта сақтау бойынша жауапты тұлғалар белгіленді. Жалпы алғанда акцияға ел бойынша 1 млн.200 мыңнан астам адам, оның ішінде 360 мыңға жуық жастар қатысады.

Сондай-ақ, бүгінгі күні елордада Астана әкімінің қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша бекіткен экологиялық айлығы іс-шаралар жоспарына сәйкес «Біз таза қаланы қолдаймыз!» атты ұранмен жалпықалалық сенбілік өтуде. Алдын ала берілген мәліметтерге сәйкес, жалпықалалық сенбілікке 80 мыңнан астам адам, жалпы саны 4500 кәсіпорын қатысады деп межеленіп отыр. Бұл күні халықтың және арнайыландырылған 318 автомашинаның көмегімен 1800 түп ағаш пен 23 мыңнан астам бұта отырғызу жоспарлануда.

Ағаштар мен бұталарды отырғызумен қатар гүлбақша мен гүлзарларды тазалау, жасыл желектерді отырғызуға дайындау бойынша көктемгі агротехникалық жұмыстар жүргізіледі. Сонымен қатар бұл күні Астананың барлық аумағындағы су бұрқақтар іске қосылатын болады.

Соңғы жаңалықтар