Елші Болат Сәрсенбаев ирак тарапына V Астана Экономикалық форумы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезіне шақыруды тапсырды

Атап айтқанда, Елші Ирак Президентінің Кеңесшісі Муафак Ахмадпен, Сауда палаталары федерациясының Бас хатшысы Жаафар әл-Хамаданимен, Мұнай министрінің орынбасары Ахмед әл-Шамимен, Сыртқы істер министрлігінің Экономика департаментінің директоры Басем әл-Тумамен және Азия мен Австралия департаменті директорының орынбасары Жасем Мсауилмен кездесті.
Ирак Сауда палаталары федерациясында болған кездесуде бірлескен Іскерлік кеңестің алғашқы отырысын өткізу мәселелері талқыланды. Екі ел тарихында бірінші рет қазақ-ирак үкіметаралық комиссиясының отырысын ұйымдастыру мәселесі осы комиссияның ирак тарапынан тең төрағасы, Мұнай министрінің орынбасарымен болған жүздесу барысында кеңінен талқыланды. Тараптар осы отырыстың күн тәртібін талқылау мақсатында екі ел сарапшыларының кездесуін өткізу туралы келісті. Ирак Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен болған сұхбат барысында халықаралық ұйымдар шеңберіндегі Қазақстанның кандидатурасын қолдау туралы өтініш білдірілді.
Сонымен қатар аталған кездесулер барысында «Ғалымдар Еуразиялық Экономикалық Клубы» қауымдастығы үйлестіру кеңесінің төрағасы Б.Сұлтановтың Ирак басшылығына жолдаған ағымдағы жылы мамыр айында өтетін V Астана экономикалық форумына шақырулары, сондай-ақ еліміздің осы халықаралық бастамасы туралы тиісті ақпарат тапсырылды.
Келіссөздер шеңберінде Б.Сәрсенбаев еліміздің басты сыртқы саяси бастамаларын (АӨСШК, ИЫҰ төрағалығы, АЭФ және т.б.) қолдап, олардың жұмысына белсенді қатысқаны үшін ирак тарапына алғысын білдірді.
Елші негізгі әлемдік конфессиялар мен халықаралық ұйымдар тарапынан танылған, өркениетаралық және дінаралық диалогты дамытудағы, толеранттықты және дінге еріктілікті нығайтудағы ү.ж. 30-31 мамырда Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV съезінің рөлі туралы кеңінен баяндады.
Бұған қоса, қазақстандық дипломат Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы соңғы жетістіктері жөнінде хабардар етті. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауының негізгі қағидаларына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағытын атап өтті.
Ирак өкілдері өз кезегінде құрылымдық реформаларды дер кезінде жүргізудің арқасында Қазақстан экономикалық тұрақтылыққа ие болуына, сондай-ақ дағдарысқа қарсы тиімді және өлшемді саясатты жүргізе алғандығына назар аударды.
Ирак министрліктерінің өкілдері Елбасының Қазақстан халқына Жолдауына жоғары баға беріп, осындай бағдарламалық құжаттарды жүйелі түрде жариялаудың, елдің мақсатты дамуын қамтамасыз ету үшін өте маңызды екендігін атап өтті.
Сонымен қатар елордада өтетін V Астана Экономикалық форумы мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІV съезіне қатысатындықтарын растады.