Елжанды жастар лауреат атанды - ОҚО

Ел Тәуелсіздігінің 23 жылдығына орай өткізілген шараға 50 жас отаншылдың еңбегі іріктеліп, арнайы құрылған комиссияның шешімімен 15 адам жыл лауреаттары атанды. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар орталығы» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің ұйымдастыруымен өткен бұл жобаның мақсаты -жастар бойында отаншылдық рухын қалыптастыру, кәсіби шеберлігін шыңдау және олардың қоғамдық белсенділігін арттыру болып табылады. Жыл үздіктеріне іріктелген азаматтардың барлығы ғылымда, саяси өмірде, өнер мен қоғамдық жұмыстарда өзіндік сүрлеу салып келе жатқан таланттар. Сонымен, жыл үздіктері төмендегі аталымдармен марапатталды: «Жетім балаларға көрсеткен қамқорлығы үшін» - «Кентау қалалық арнаулы кәсіптік колледжі» медициналық-әлеуметтік мекемесі КММ Дина Айдаршаева, «Мүгедек жандарға көрсеткен қамқорлығы үшін» - Ордабасы ауданының тұрғыны Али Шабаров, «Ардагерлерге көрсеткен қамқорлығы үшін» - «Бәйтерек» жастар ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ролан Қонысбеков, «Мен қоғамның мүшесімін» - Шымкент қалалық мүгедектер қоғамы «Инва такси» ЖШС бағдарламашы Оксана Фокина, «Жас өнертапқыш» - М.Әуезов атындағы ОҚМУ аға оқытушысы Бауыржан Әмиралиев, «Жас полицей қызметкерінің ерлігі үшін» - Облыстық ішкі істер департаментінің аға инспекторы Мейіржан Медетбеков, «Төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін» - Қазығұрт ауданы жалпы орта мектебінің 11 сынып оқушысы Сыздық Қыдырәлі, «Спортқа қосқан үлесі үшін» - 2014 жылы Сингапурде өткен Жасөспiрiмдер Олимпиадасында ауыр атлетикадан алтын медаль және Алматыда өткен әлем чемпионатының күміс медаль иегері Жаппарқұлова Жазира, «Денсаулық сақтау саласына қосқан үлесі үшін» - Облыстық кардиологиялық орталық құрамындағы жүрекішілік электрофизиологиялық зерттеу зертханасының дәрігері Кенжебаев Дәурен, «Мәдениет ,өнер саласына қосқан үлесі үшін» - Халықаралық, Республикалық айтыс додаларының жеңімпазы Біржан Байтуов, «Өнерлі отбасы» - Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармониясының әртістері Рысдәулетовтер отбасылық «Өркен» халық ансамблі, «Жас кәсіпкер» - «Даркөл» бизнес орталығының директоры Ильяс Есжанов, «Үздік жастар орталығы» - Созақ аудандық «Жастар орталығы» МКМ, «Жастардың тәрбие саласына қосқан үлесі үшін» - Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінің оқытушысы Қуаныш Рысқұлов, «Патриотты жастар ұйымы» - «Жас бүркіт» әскери патриоттық клубы.
Салтанатты шараға облыс басшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының белсенді студенттері мен өнерлі жастар мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.