Еңбек қауіпсіздігіне ең алдымен жұмыс беруші жауапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы мемлекеттік басқаруды, бақылау мен қадағалауды Қазақстан Республикасының Үкіметі, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдар өз құзыретіне сәйкес жүзеге асырады.
None
None

Жұмыс орнындағы еңбек қауіпсіздігінің жағдайлары ұлттық стандарттарға, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ережелер талаптарына сәйкес болуға тиіс. Жұмыс беруші зиянды және қауіпті ауыр жұмыстарда істейтін қызметкерлерді Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен мерзімдік медициналық тексеруден өткізуді өз қаражаты есебінен ұйымдастыруға міндетті. Қызметкерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін оқытуды, нұсқау беруді және білімдерін тексеруді жұмыс беруші өз қаражатымен жүргізеді.

Қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі талаптарына сай жабдықталған жұмыс орнымен, санитарлық-тұрмыстық үй-жайлармен, жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнаулы киіммен қамтамасыз етілуі тиіс. Олар денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде бұл жөнінде тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлап, жұмысты орындаудан бас тартуға, сондай-ақ оны зиянды және қауіпті өндірістік факторлардың әсерінен қорғау жөніндегі шаралар туралы дәйекті ақпарат алуға, ұйымның жұмысы уақытша тоқтатыла тұрған уақытта орташа жалақысының сақталуына, жұмыс берушінің заңсыз әрекеттеріне шағымдануға құқығы бар.

Қызметкер өндірісте жазатайым оқиға болса, жұмыс істеп жүріп ауруға шалдығудың белгілері анықталса, өзінің тікелей басшысына дереу хабарлауға міндетті.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сай келмейтін жағдайда өндірістік ғимараттар мен құрылыстарды жобалауға, салуға және қайта жөндеуге, технологияларды пайдалануға, машиналарды, тетіктерді, жабдықтарды құрастыруға жол берілмейді. Жұмыс беруші зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуді және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау орындарына жеткізуді ұйымдастыруы тиіс. Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеруді жұмыс берушінің актісімен жиырма төрт сағат ішінде құрылатын комиссия жүргізеді. Оқиға туралы акт толтырылып, оған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің және ұйым бөлімшесінің басшылары, сондай-ақ ұйым қызметкерлерінің өкілдері қол қояды және оны жұмыс беруші бекітіп, ұйымның мөрімен растайды.

Соңғы жаңалықтар