Еңбек министрлігінің мамандары өңірлерде зейнетақы жүйесін жетілдіру шараларын түсіндірді
деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары және министрлік қызметкерлерінің қатысуымен болған сапар барысында әртүрлі өндіріс қызметкерлерімен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік нысандарда жиындар ұйымдастырылды. Жұртшылыққа әйелдердің зейнет жасын ұзарту арқылы халықтың жұмыспен қамтылуы және зейнет жасы таяған адамдардың жұмыс орнының сақталуына қол жеткізуге болатыны туралы жан-жақты түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар өңір тұрғындарын толғандырып жүрген зейнетақы қорларын біріктіріп, бір жүйеге келтіру секілді маңызды мәселелер қозғалды.
Павлодар облысында Парламент Мәжілісі депуттарының қатысуымен өткен жиында жұрт алдына Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық (ЗТМО) басшысының бірінші орынбасары Сәуле Дүйсенова шығып, сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, осы күндері Павлодар қаласындағы балалар ауруханасында тағы бір жиын өткізілді. Аталған басқосуға 180-нен астам медицина қызметкерлері қатысты.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысында да зейнетақы жүйесіне қатысты әртүрлі кездесулер ұйымдастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Гүлнәр Тоқсейітова халықтың неғұрлым ұзақ еңбек етіп, жинақты көп жиса, соғұрлым артық зейнетақы алатынын, ал зейнет жасын бірден көтереді деп байбалам салу жаңсақ пікір екенін, бұл үрдістің біртіндеп жүретінін, 63 жастан зейнетке тек 2024 жылдан бастап шығатынын айтты.
Алматыда да бірнеше кездесу болды. «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ Директорлар кеңесінің мүшесі Нұржан Әлимұхамедов бастап барған мамандар тобы Халықаралық ІТ университеті, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ, О.Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі, Қ.Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт мектеп-интернаты және Сызғанов атындағы ұлттық хирургиялық ғылыми орталығында кездесу өткізді. Аталған жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары Гүлнәр Иқсанова, Айткүл Самақова, Гүлмира Исімбаева қатысты.
Ал Қарағанды және Теміртау қалаларындағы «Имстальком», «Карагандинский мелькомбинат», «ТНК ТИАТР» компаниялары және «ТПК Ригер фармацевтикалық логистикалық кешені» базасындағы «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті Алмас Құрмановтың қатысуымен өткен кездесулерде «Қазақстан- 2050» стратегиясы, зейнетақы жүйесін жетілдіру және Бірыңғай зейнетақы қорын құру мәселесі бойынша тыңдаулар болды.
9 күнге созылған кездесулерде тек зейнетақы жүйесін жетілдіру жұмыстары ғана түсіндіріліп қоймай өңір жұртшылығына әлеуметтік мәселелерге қатысты өз ұсыныс-пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Халықты әйелдердің зейнет жасын ұлғайту, жұмыспен қамту мәселелері, зиянды өндіріс ошақтарында еңбек ететін жұмысшылардың зейнетақы алу тетіктері толғандырып отыр. Мамандар жұрттың көңілінде жүрген, көкейге түйген сауалдарына жауап беріп, жүйені жаңғыртудың маңызды аспектілерін егжей-тегжейлі түсіндірді.