Еңбек нарығы мен білім саласына үйлесімділік керек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елімізде техникалық және кәсіби мамандық даярлау ісі әлемдік талапқа сай жаңа сипатқа көтерілетін болады.
None
None

Бұл республикада заманауи бағытта жұмыс істейтін колледждер құру арқылы жүзеге аспақ. «Кәсіпқор» Холдингі» ҰАҚ басқармасының төрайымы Эльдана Сәдуақасованың айтуынша, қазіргідей дайын кадрдың екі қолға бір күрек табуы қиындап кеткен уақытта бұл мәселе өте өзекті болып тұр. Себебі, еңбек нарығында біздің мамандарға сұраныс жоққа тән. Олар жұмыс берушілердің талабына сай келмейді. Осының салдарынан өндіріс орындарының көпшілігі шетелдік мамандарға кіріптар болып отыр. «Кәсіпқор» ҰАҚ тарапынан қолға алынып отырған бағдарлама осы бір теңгерімсіздікті жоюға бағытталған. Сәдуақасова ханымның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда орын алып отырған проблемалар барынша зерделеніп, оларды жүйелі түрде жою жан-жақты ойластырылған сыңайлы. «Қазір еңбек нарығы мен білім беру саласында үйлесімділік жоққа тән. Салдарынан техникалық және кәсіби білім беру жүйесін бітіргендер өздерінің тәжірибелік машығын өндіріске кіргенде ғана жетілдіреді, бұл ұзақ процесс. Ал, жұмыс берушілер үшін бірден жұмысты алып кететін маман керек», - дейді төрайым.

Белгілі болып отырғандай, жалпы жаңадан құрылып жатқан дуалдық жүйеде «Кәсіпқор» холдингі үш ірі стратегиялық бағытта жұмыс істеуге бекініп отыр. Бірінші бағыт бойынша жаңа колледждер жасақталады. Бүгінде оның алғашқы қадамдары жасалып, Астана мен Алматы қалаларында әлемдік деңгейдегі екі колледж салынып жатыр. Сонымен қатар 4 өңіраралық орталық құрылады. Оның бірі қазірдің өзінде Атырауда өз жұмысын бастады. Басқалары Өскемен, Шымкент, Екібастұзда бой көтермек.

Бұл оқу орындарының маман дайындау бағдарламалары жоғарыда айтқанымыздай қазіргілерден бөлек, шетелдік оқу мекемелерінің тәжірибесіне негізделеді. Яғни, жаңа бағытта оқытатын колледждер өндірістермен әріптестік байланыс құрады. Бұл ретте екі тарап та маманның сапалы дайындалуына бірдей дәрежеде жауапты болады. Бірінші тарап - оқу орны теориялық білімін қамтамасыз етсе, екінші тарап - өндіріс орны болашақ кадрдың өндірісте дұрыс тәжірибеден өтіп, маман ретінде өз жұмысына машықтануын мойнына алады. Бұл үшін жұмыс берушілермен бірлесе отырып, олардың колледж бағдарламасына қоятын талаптары анықталып, олар өз өндірісінде қолданылатын технологиялық үдерістерін де толық ұсынады.

Әр өңірде сондағы өндіріске қажет қана маман дайындалады. Бұл әрбір колледж оқушысының болашақта жұмыссыз қалмауының бірден бір кепілі. Сәдуақасова ханым бұл мамандарды кім дайындайтынын да айтты. Шыны керек, бүгінде жаңа инновациялық өндіріске қажет кәсіптерге бейімдейтін оқытушылық құрамның сапасына да, біліктілігіне де қатысты мәселенің өзекті болып тұрған жайы бар. «Кәсіпқор» холдингі тарапынан жасалып отырған бағдарламада бұл ұмыт қалмапты. Еліміздегі техникалық оқу орындарынан жинақталған бұл кадрларға қойылып отырған басты талап - олардың өндірістің қыр-сырын білуіне негізделген. Бұл үшін арнайы курстар өткізіліп жатыр екен.

Қазіргі таңда облыс орталықтарында алғашқы он әріптес-колледждер айқындалып, қайта жасақталуда. Бұл оқу орындары жаңадан салынатын алты колледжде жүзеге асырылатын тәжірибелер еліміздегі 278 техникалық және кәсіби білім саласындағы колледждерге біртіндеп енгізілетін болады. Садуақасова ханымның ойынша, техникалық және кәсіби колледж түлектерінің 70 пайызынан астамы оқу орнын бітіргеннен кейін бірнеше жылдың ішінде ғана жұмысқа орналаса алады. 2015 жылдың қыркүйегінен маман дайындай бастайтын бұл оқу орындары бір жылда үш мың оқушы қабылдай алады. 2017 жылы өзге өңірлерден ашылған оқу орындарының арқасында шәкірттер санын екі есеге дейін көбейту жоспарда бар.

Соңғы жаңалықтар