Еңбекақы берешегін болдырмау ерекше бақылауда - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі

Бұл туралы 4 мамыр күні еңбекақы берешегін өтеу бойынша шаралар қабылдау жөніндегі дағдарысқа қарсы облыстық штабтың отырысына қатысқан ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов мәлім етті.
Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда еңбекақы берешегі 1,2 млрд. теңгеге жуықтап отыр. Бұл - 14 мың азамат айлап жалақы алмайды деген сөз. Сол секілді міндетті зейнетақы төлемдерін аудару бойынша қарыз 3,7 млрд. теңгеге жеткен, бұл 108 мың адамға қатысты. Әлеуметтік салымдар бойынша берешек - 700 млн. теңге (75 мың адам).
Облыстық штаб отырысына сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, аталмыш мәселенің берешек жойылмайынша, күн тәртібінен түспейтінін атап өтті. Штаб төрағасы, облыс әкімінің орынбасары Серік Сүлейменнің сөзіне қарағанда, биылғы 9 сәуір күнгі отырыс кезінде өңірде 20 млн. теңге еңбекақы берешегі орын алса, қазіргі кезде бұл көрсеткіш 16,365 млн. теңгеге түсті. Яғни облыстағы бес мекеме 158 азаматқа осыншама қарыздар болып отыр. Солардың қатарында аталған «Уральскгордорстрой» және «Газкотломонтаж» ЖШС директорлары Бейбіт Әлжанов пен Олег Соколов бережақтарын осы айдың аяғына дейін өтейтіндіктерін мәлім етті.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша БҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің директоры Берікболат Нұржанов, БҚО бойынша сот актілерін орындау департаментінің басшысы Күнсұлу Аралбекова, дәрменсіз борышкерлермен жұмыс комитеті БҚО бойынша департаментінің директоры Алдан Құрманғалиев, БҚО бойынша салық департаментінің басшысы Аманжол Жақанов хабарлама жасап, өз ұсыныс-тілектерін білдірді.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі С.Әбденов мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, адамдар мүддесіне тікелей қатысты аталмыш мәселелерді уақтылы шешіп отырудың қажеттігін атап көрсетті.
Министр сондай-ақ бүгін зейнетақы жүйесін жаңғырту мәселелері бойынша жұртшылық өкілдерімен кездесу өткізді.