Еңбекті қорғау және өндіріс орындарының қауіпсіздігі көп мемлекет үшін өзекті мәселенің бірі - «Қазақмыс» тобының бас операциялық директоры Сергей Дяченко

Қазіргі техниканың қарыштап дамыған ғасырында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселесі аса маңызды болып отыр. Аталмыш шара қарсаңында «Қазақмыс» тобының бас операциялық директоры Сергей Дяченкомен сұхбаттасып, топ құрамындағы кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі жайлы сұрап-білген едік.
-Сергей мырза, Сіздің пікіріңізше техника қарыштап дамыған мына заманда еңбекті қорғау және өндіріс орындарындағы қауіпсіздік мәселесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатыр?
- Техникалық өрлеу және өндіріс орындарындағы қауіпсіздік мәселелері өзара байланысты үдерістер. Бір жағынан алып қарағанда техникалық өрлеу біздің еңбегімізді жастар үшін тартымды көрсетіп, анағұрлым өнімдірек ете түседі. Бұл дегеніміз - жаңа жабдықтар, жаңа кешендер, бағдарламалық өнімдер. Екінші жағынан алып қарағанда техникалық өрлеу жаңа қатерлерді ала келді. Ол қатерлердің қатарына тұрқы да, жылдамдығы да өзгерген, тікелей жанында не болмаса сонда жұмыс атқаратын қызметкерлерге белгілі бір әсерін тигізетін жабдықтарды жатқызуға болады.
Техникалық өрлеу заманында өндірістік қатерлерді басқару мен бағалаудың аса күрделі тәсілдері, жұмысқа кіріскен әрбір адамды кәсіпорынның табалдырығын аттаған сәттен бастап анағұрлым белсенді оқытылуын талап етеді. Біз өз адамдарымызды қалай даярлайтын болсақ, олар да соншалықты өнімді жұмыс істейді. Сондықтан да, біз үшін техниканың қауіпсіздігі мәселесі бірінші кезекте тұрады.
-Еліміздің ең ірі компанияларының бірі - «Қазақмыстағы» өндірісте қызметкерлердің денсаулығын қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселелері қалай шешіліп жатыр?
- Тиянақты көзқарас пен дұрыс басқару жүйесі - біздің ұстанымымыз. Өндіріс орындары жабдықтардың жеткілікті ауқымымен қамтамасыз етілген жағдайда әрі тиісті оқыту жүргізілген жағдайда ғана туындауы ықтимал қайғылы оқиғалардың толық алдын алуға болады.
Әлемдік тәжірибеде мынадай таң қаларлық деректер баршылық: компаниялар, түгелдей кәсіпорын мен ұжымдар жыл санап еңбек қабілеттеріне залал келетіндей ешбір оқиғаларсыз жұмыс атқаруда. Бұл фантастика ма, әлде не деуге болады? Жоқ, бұл алдын ала кесіп-пішілген жоспарлы жұмыстың жемісті нәтижесі. Бұл жерде адамдар саналы түрде парасатты бір шешімге келгендігі білініп тұр: техниканың қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелерін шешіп алмайынша біздің өндірістік қызметіміз тоқыраудан шықпайды. Яғни, осы екі мәселені біртұтастай байланыстырған. Көп жағдайда былай да болады: адамдар жоспардың орындалуын ғана мақсат тұтып, соны ғана місе тұтады. Ал қауіпсіздіктің қалай боларына мән бере бермейді. Мұндай жағдайда дұрыс жұмыскер қалмайтын болады, барлық білікті кадрлар жан-жаққа тарап кетеді. Кәсіпорынның шегінде тапшылық орнап, түсініспеушілікке апарады, және ең ақыры содан барлық өндірістік үдерістер жапа шегетін болады.
-Мамандар материалдық-техникалық базаның нашарлығын және жұмысшылардың еңбектегі мәдениетінінің төмендігін өндірістегі жарақаттанушылықтың негізгі себептері ретінде атап жүр. Бұған сіздің алып-қосарыңыз бар ма?
-Бұл факторлардың екеуі де бар. Қазіргі сәтте біздің барлық күш-жігеріміз корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға жұмылдырылып отыр. Ұжым арқылы корпоративтік идеялар мен құндылықтардың пәрменді түрде санаға сіңдірілуі бастау алып келеді. Бұл стандарттарды қабылдағандар болса, оларды жақтаушылар сол үдерістерді барынша қолдап, ілгерілете түседі. Ал енді екі ойлы болып, аса ұғына алмай жүргендер санаға жеткізіп оқыту арқылы түсіністікке бой ұрып, сол жолды ұстанушылар қатарына қосылады. Ал белсенді түрде қарсылық білдіріп жүргендер болатын болса онда олар компаниядан аластатылуға мәжбүр болады. Екіталай қабылданатын стандарт болмайды. Стандарт біреу ғана болуға тиіс.
Материалдық-техникалық қамсыздандыру ісіне келер болсақ, компания жабдықтарға, материалдарға, қосалқы бөлшектер алуға, нысандарды әзір күйде ұстауға қанша қаражат бөлінетіндігін көргенде таңырқап қалдым. Асқан зор шығындар екен. Бұл мәселелердің барлығын бір жылдың ішінде шешіп шығу мүмкін емес. Технологиялық жабдықтарының негізгі 80 пайызы жаңартылған Жезқазғанда ірі компаниялармен ауқымды келісімшарттар жасасқандығын айта кеткен жөн.
Қауіпсіздік саласындағы алдын алу жұмыстарына келер болсақ, біз жазатайым оқиғалар мен төтенше оқиғалардың түпкілікті себептеріне егжей-тегжейлі талдау жасадық, қатерлерін анықтадық. Біз сол барлық қатерлерге тиімді шараларды қарсы қолданамыз да шағын формализмнің өзін болдырмаймыз. Жылына тек 10 іс-шара ғана болсын-ақ. Бірақ та сол 10-ы орындалатын болады әрі қолданып тұрады. Болмаған жағдайда, біз тек кітаптарша тізілген томдар шығарумен ғана айналысып, оларды бара-бара ұмыта бастайтын боламыз. Алдын алу жұмысында ең бастысы - әзірленген шараларды нақты іске асыру.
-Соңғы жылдары сіздердің кәсіпорындара болған қайғылы оқиғалардың және төтенше оқиғалардың статистикасын келтірсеңіз, және олардың себептерін не? Төтенше жағдайларды жою бойынша не істелінуде әрі жұмыскерлер, оның ішінде зардап шеккендері әлеуметтік жағынан қаншалықты қорғалған?
-Статистика қанағаттанарлық емес. Оқиғалардың жалпы саны шамамен 170, оның ішінде 26 қайғылы жағдай, оның 5-еуі мердігер ұйымдарда болды. Біз мердігерлер мен біздің жұмыскерлер деп бөліп қарамаймыз. Егер де біз мердігерлерімізді босаңсытып алсақ, онда біздің жұмыскерлерге де оның кесапаты тиеді. Бұл біздің стандарттарымыз ғой, соның қатаң сақталуын мердігерлерімізден талап етіп отырамыз. Бұл жағдай алдын ала келісіліп алуы тиіс. Сертификаттамасы, біліктіліктері тексеріледі, стандарттарымызды мердігер ұйымдардың сақтауына даярлығы да тексеріледі.
Қайғылы оқиғалар мен төтенше оқиғалардың негізгі себептері - біз айтып өткендей өндірістегі мәдениеттің төмендігі, жұмыс орындарында стандарттардың сақталмауы, бағынысты қызметкерлер құрамы мен ИТЖ нашар даярланғандығы, құжаттық-нарядтық жүйе болып табылады. Соңғы 6 айдың ішінде жағымды өзгерістерге қол жеткізілді. Десек те, ұжымымыз түгелдей қажырлы еңбек талап етілетіндігін саналы түрде ұғынып отыр. Қол қусырып отыруға болмайды. Өте көп жұмыс тындыруға тура келеді.
Жұмыскерлерімізді әлеуметтік жағынан қорғау мәселесіне келер болсақ, мыналарды айта кеткен жөн: Жазатайым оқиғаны қандай да жолмен жасырып қалу - компанияға қарсы қолданылған іс ретінде талқыланатындығын біз қазір ұжымға түсіндіріп келеміз. Егер де біз, шағын жарақаттанулар жайлы білмесек, орын алған оқиғалар туралы хабардар болмасақ, онда ертеңгі күні біз ауыр шығынға келтіретін жағдайлардың алдын ала алмайтын боламыз. Сондықтан да біз қатаң шешім қабылдадық.
Біріншіден, төтенше оқиғаларды жасырып қалған жұмыскерлермен еңбек қатынастарын доғаратын боламыз. Және де сол зардап шегіп, жасырып қалған адамдармен ғана емес, кімде-кім сол оқиғаның куәсі болғандармен де доғарылады. Егер де сондай оқиғаны көзбен көрген болсаң, ол туралы инженерлік-техникалық жұмыскерлерді хабардар етуге, көмек жасауға тиіссің дегенді білдіреді.
Дәл сондай жағдай тікелей бағынысты қызметкерлер құрамымен де болады. Оларлдың азғырып, қорқытып, статистиканы түзеттіруіне жол бермеу керекпіз, себебі статистика біздің нағыз жұмыс жасайтын деректеріміз ғой. Ол бізге жұмыс орындарындағы ахуалды жақсартып, қауіпсіздік техникасына деген қарым-қатынастарымызды жағымды етуге қажет. Жазатайым оқиғаларды да, шағын жарақаттанғандықтарды да жасырмаған, төтенше оқиғалар туралы уақытында хабар берген жұмыскерлерге уақытымен көмек көрсетіліп, емхана қағазын және еңбекке жарамсыздығына төлем төленуді қоса алғанда, заң бойынша және еңбек шарты бойынша кепілдендірілген барлық әлеуметтік пакетті дер кезінде ұсынатын боламыз.
Тағы қайталап айта кететінім, компания қаншалықты қолдан келген барлық шараларын жасап отырса да, жұмыс орнын тиісті түрде ұйымдастырып, оқытуға жіберіп жүрсе де, әрбір жұмыскер өзін өзі алдамауы қажеттігін түсінуі керек. Бәрінен бұрын өз өмірі үшін солардың өздері жауапты болады.
-Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаты «Қазақмыс» тобының қызметінде қандай орынды иеленіп отыр?
-Мен әлгінде айтып кеткенімдей, біздің кәсіпорындар өте үлкен. Қазақмыс елдегі кең ауқымды әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырып келеді және де мемлекеттен кейінгі Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші болып табылып отыр. Біздің компаниямызда 61 мыңнан астам қызметкерлер еңбектеніп жүр.
Әлеуметтік саладағы біздің қызметіміздің негізгі бағыттары мыналар: білім беру, денсаулық сақтау және инфрақұрылымды дамыта түсу. Жыл сайын жергілікті халықты қолдау үшін айтарлықтай қаражат бөлініп тұрады - спорт кешендері, медициналық орталықтар, оқыту мекемелері, инфрақұрылым нысандары салынып келеді, иеліктегі нысандарды жөндеуге және жаңғыртуға ресурстар бөлініп тұрады. 2010 жылдың өзінде-ақ әлеуметтік инвестициялардың жалпы сомасы 200 миллион АҚШ долларын құраған. Осы аталған қызметті жүйеге келтіру үшін Топтың кәсіпорындары алпауыт деп танылатын облыстардың әкімдіктерімен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып жүр.
-Өзіңіз жұмысыңыз және жалпы біздің кәсіпорындардағы еңбек жағдайлары туралы айтып кетсеңіз. Қазақстанда қызмет ету қаншалықты қызықтырады?
-Өзім жайлы айтарым өте қысқа. Менің бүкіл өмірім, ол - тау-кен кәсіпорындарындағы мамандығым бойынша атқарып келе жатқан жұмысым. Өз мамандығым маған өте ұнайды, мен тіпті оны мақтаныш тұтамын. Тұқымымда мен екіншімін, себебі әкем де осы өмір бойы тау-кен өндірісінде еңбек еткен жан. Мен бұл істі саналы түрде таңдап алғам, әрі соныма ешбір өкінбеймін. Кеңес кезінде солтүстікте «Апатит» өндірістік бірлестігінде жұмыс істегем. Шетелдік кәсіпорындар да қалай жұмыс істейтінін көруге де жолым болды, соларда да еңбек еткенім бар. Ал қазірде Қазақмыста қызмет етіп жүрмін.
Қазақстанда еңбек ету өте қызық. Жұмыс істеген қашан да қызықты ғой. Әрқашан да қызықтырар нәрселер тауып, бірсыпыра қызықты адамдармен таныс болып, көзқарасы бір жолдастар кездестіресің. Нәтижеге жетіп, жемісін көру үшін, бар күш-жігерді салу керек болады.
Қазақстандағы адамдар өте жақсы, әр жаңашыл жақтарын тез қабылдап алуға бейім, ашық-жарқын. Мен осы өңірлерде тұратын адамдардың өзінен естіген сөздермен тіпті келіспеймін: не қыламыз енді, біздің өзімізге тән менталитет осындай деп қарап отырады. Менталитет деген ұғым жоқ. Барлық жердегі адамдар бірдей қалыпты жандар. Тек солармен жұмыс жасай білу керек қой.
Біз Автралиядағы, Канададағы, Африкадағы, Америкадағы компаниялардан қалыс қаламыз деп тіпті де ойламаймын. Біз айтып отырған техникалық өрлеу заманы жалғасын тауып келеді. Тек оны өзімізге қарай, біз жұмыс істеп келе жатқан ұжымдарға және қоғамға қызмет ететіндей ақылмен дұрыс жолға қою керек.