09:58, 03 Қараша 2009 | GMT +5
Ерейментауда қолды болған жауынгердің балбалтас мүсіні тарихи орнына қайтарылды
КӨКШЕТАУ. Қарашаның 3-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысына қарасты Ерейментау ауданы Қарағайлы ауылы маңында сегіз ғасырдан бері еліміздің өткенінен хабардар етіп тұрған жауынгердің балбалтас мүсіні тарихи орнына қайтарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақмола облысы бойынша тарихи-мәдени құндылықтарды пайдалану және қорғау жөніндегі» мемлекеттік басқарма директоры Талғат Ыбыраевтың айтуынша, ағымдағы жылдың қыркүйек айында бес тарихи жәдігердің біреуі ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Мемлекеттік құжаты бар бұл жәдігерлер болашақта сол маңда, ашық аспан астындағы тарихи мұражай ретінде қолдануға жоспарланған. Осынау құнды мұрағатты археолог Валерий Волошин еш рұқсатсыз Астана қаласындағы қазіргі заман өнері мұражайына өткізіп жіберген. Заңсыз іс-әрекет алысқа бармады. Салмағы 700 келіден астам жауынгердің тас мүсіні туған топырағына оралып, қайта қондырылды. Бұл шараға «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы өз үлесін қосты.