Еріккен екі жігіт күзетшіні өлтірді - БҚО
Облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен Гүлшат Молдағалиеваның айтуынша, ауыр халдегі азамат ауруханаға жеткізілген бойда өз-өзіне келместен көз жұмған. Тексеру жұмыстарын жүргізу барысында осы ауылдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінде күзетші болып қызмет атқаратын 55 жасар тұрғын екені анықталды. Аудандық полицейлер осы қылмыс бойынша облыстық ішкі істер департаменті қызметкерлерімен бірлесіп, құрылған жедел тергеу тобымен қылмыстың ізін суытпай ашты.
Оқиға былай өрбіген. Күзетші бірінші қазан күні кешкі бесте жұмысына кезекшілікке түскен. Содан көшеге шығып, кезігіп қалған дос жігітімен әңгімелескен. Кеш түсе жұмысына жалғыз қайтып келе жатқан жолда алдынан арақ ішкен ауылдың екі жігіті «Нива» көлігімен келіп, тоқтай қалған. «Күзетші бұл маңайда жападан-жалғыз неғып жүр екен» деген ой бастарына келе қалған екеу күзетшіге тиісіп, ұра бастайды. Осы кезде еш кінәсіз күзетшіні қорағашпен соққылап, тепкінің астына алады. Денесін қан сорғалата тепкілеп, басына зақым келтірген. Ұрып-соққандарымен қоймай, аяқ киімін шешіп алған. Сонымен қатар қалтасындағы он екі мың теңгесі мен ұялы телефонын алып, өз жөндеріне кеткен. Ақшаны төрт мың жарымнан бөлісіп, қалғанына жанар-жағармай құйған. Бірі бәтеңкені үйдегі гаражының төбесіне жасырған. Ауылдың еріккен екі жігіті осылайша оқиға орнынан ғайып болған.
Ертесіне таңғы сағат жеті жарымдар шамасында өзен маңынан өтіп бара жатқан ауыл тұрғыны қанға боялып, ес-түссіз жатқан ауылдасын көріп, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер күзетшіні ауруханаға жеткізіп, ем-шара жасағандарымен, оны аман алып қалу мүмкін болмаған. Хабар түскен бойда оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күзетшінің жұмыс орнын, оқиға болған жерді тексеріп, қылмыскерлерді іздестіру жұмыстарын жүргізеді.
Іс-шаралар нәтижесінде қылмыс жасаған азаматтар анықталып, полиция қызметкерлерінің қармағына ілікті. Қылмыс жасағандар жасы 18-дегі, еш жерде жұмыс жасамайтын Жалпақтал ауылының екі тұрғыны болып шықты. Күдіктілер Қазақстан Республикасы ҚІЖК-нің 132-бабына сәйкес ұсталып, олардың үстінен ҚР ҚК-нің 103-бабының 3-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қосымша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілерден қылмыс құралы мен жәбірленушінің мүліктері тәркіленіп, қазіргі уақытта қамауға алынды.