Ертең Қазақстан бойынша «Мектепке жол» дәстүрлі жалпыреспубликалық акциясы басталады

АСТАНА. 31 шілде. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі еліміздің барлық өңірлерінде 2012 жылғы 1 тамыздан бастап «Мектепке жол» жыл сайынғы жалпыреспубликалық акциясы басталғанын хабарлайды.   
None
None

Шара осымен бесінші жыл өткізілуде.

Науқанның мақсаты - күнкөрісі төмен және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсету болып табылады.

Биылғы жылы акция «Қайырымдылық жасауға асығыңдар» ұранымен өтеді.

Төрт жылда акция шеңберінде 802 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 4,3 млрд. теңгеге материалдық көмек көрсетілді. Сонымен қатар демеушілер мен меценаттар тарапынан айтарлықтай көмек көрсетіліп және 1,7 млрд. теңгеге қолдау көрсетілді.

Акция барысында білім беру органдары мен ұйымдары тамыз және қыркүйек айлары аралығында әрбір елді мекендерде қауіпті топтағы балаларды анықтау бойынша бірқатар іс-шараларды жүргізеді. Рейдтердің қорытындысы негізінде қауіпті топтағы балалардың, әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасылар мен балалардың мекенжайлар бойынша және арнайы тізімдері құрылады. Осы балалар туралы мәліметтер білім беру органдарына, демеушілер мен меценаттарға тапсырылады.

Сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінің сайттарында көмекке мұқтаж балалар туралы ақпаратты алуға болады.

Акция кезеңінде Балалардың құқықтарын қорғау комитетінде 8 (7172) 74-25-28 шұғыл телефон желісі қызмет атқаратын болады, оған кез келген азамат хабарласа алады. Мұндай желілер өңірлік балалардың құқықтарын қорғау департаменттерінде де қызмет ететін болады. Қажетті ақпараты Комитеттің www.bala-kkk.kz сайтынан алуға болады.

Жаңа оқу жылы қарсаңында мектептері жоқ ауылдық жерлерде балалардың білім алуға қолжетімділігін қамтамасыз ету жөніндегі мәселені шешу үшін мектеп оқушыларын сапалы әрі қауіпсіз тасымалдау мәселесі қарастырылатын болады.

Акция қорытындысы облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктері жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиялардың отырыстарында қаралады.

 

Соңғы жаңалықтар