Есеп комитеті Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының тиімділігін арттыруды ұсынады

«ҚР Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі агенттігінің 2009 жыл бойынша стратегиялық жоспарының жүзеге асуын бағалау құнды қағаздар нарығына қатысушылар үшін жағымды жағдай қалыптастыру аясында индекстік қорлар, жылжымайтын мүлік қорлары және ислам құралдары секілді қаржы құралдарының енгізілмегенін көрсетті. Қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі агенттік пен ұлттық холдингтердің әрекеттері жеткілікті түрде үйлеспеуінің салдарынан бүгінгі күнге дейін қор нарығына акционерлік қоғамдардың құнды қағаздары орналастырылмаған. Тауар биржалары арқылы сатылатын биржалық тауарлар мен олардың ең төменгі мөлшерінің тізімі бекітілмеген. Мемлекеттің қатысуындағы 24 ұйымның бірде-біреуі листингтік үдерістерден өтпеген. «Халықтық ІРО»-ны ұйымдастыру арқылы қор нарығына жұртшылықтың инвестициясын тарту мүмкіндіктері қарастырылмаған», делінген Есеп комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Сонымен бірге, Есеп комитеті Үкіметке Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығы қызметін реттеу жөніндегі агенттігімен бірлесе отырып, тауар биржаларына сатуға ұсынылатын партиялар бойынша биржалық тауарлардың ең төменгі мөлшерін бекіту, сондай-ақ отандық қор нарығына мемлекеттің қатысуындағы ұлттық компаниялардың құнды қағаздарын орналастыру туралы ұсыныс жасайды.