Есеп комитеті ҚР ақпараттық және коммуникациялық технологияларын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруда 2,8 млрд. теңгенің заң бұзушылығын анықтады
Отырыс барысында, Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері негізінен мемлекеттің ұзақ мерзімді перспективада дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес келетіні атап өтілді. Сонымен бірге жоспарлау сатындағы кемшіліктердің салдарынан 2010-2012 жылдарда орындалуы көзделген 66 бағдарлама шараларының 7-еуі орындалмаған. Бюджеттік және басқа да заңнама талаптарын бұзушылықтың жалпы көлемі 2,8 млрд.теңгеден асты.
Белгіленген мерзімдерде «Электронды үкімет» базасында Қазақстан Республикасының жер қойнауын басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі жасалмаған, «Электрондық кеден» кедендік автоматтандырылған ақпараттық жүйесін дамыту жүзеге асырылмаған.
«Электрондық үкімет» және «е-әкімдік» қызметін жеке пайдаланушылардың қолдануы төмен екені атап өтілді. 2011 жылы «электрондық үкімет» порталына көзделген 20 қызметтің 5-еуі енгізілді, 2012 жылдың бірінші жартысында «онлайн» режимінде 23 қызметтің орнына 9-ы, жоспарланған әлеуметтік маңызды 15 қызметтің 4-еуі ұсынылуда.
2010-2011 жылдарға «Зерде» АҚ-ға бөлінген жалпы көлемі 1,7 млрд. теңге бюджет қаражатының 362,2 млн. теңгесі игерілген, қалған 1,3 млрд.-тан астам теңге екінші деңгейлі банктердің депозиттерінде жатыр, бюджеттік инвестициялардың күтілген нәтижелеріне қол жеткізілген жоқ.
2012 жылға Қазақстан аумағын сандық телехабар таратумен қамтуға жоспарланған мақсаттар 22 пайызға орындалған, 250 ауылдық пошта байланысы бөлімшелерін салуға және жаңартуға қол жеткізілмеген.
ҚР Бюджет кодексін бұза отырып, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының ықпалдастырылған ақпараттық жүйесін дамытуға және тәжірибелік пайдалануға енгізуге бөлінген 778,0 млн. теңгеден астам сомадағы 2010 жылғы республикалық бюджет қаражаттары бюджеттік инвестицияларға экономикалық сараптама қорытындысы жасалмай бөлінген.
Есеп комитеті отырысының қорытындысымен ҚР көлік және коммуникация министрлігіне анықталған бұзушылықтарды жою, бюджеттік және басқа да заңнама талаптарын бұзуға жол берген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау тапсырылды және басқа да бірқатар тапсырмалар берілді.