Есепшоттағы қаражат Жаңаөзеннің жаңа құрылыс нысандарына жұмсалады
Бұл туралы қауымдастықтың баспасөз қызметінен хабарлады.
Қазіргі кезде жаңаөзендіктерге қаржылай көмек беру ниетімен еліміздің мұнай-газ және энергетика саласының іргелі компаниялары - «Интергаз Орталық Азия» АҚ, «Қазгермұнай» ЖШС, «Қазақстанның мұнай-газ институты» АҚ, «Каспий МұнайГаз» ғылыми-зерттеу институты» ЖШС және тағы басқа ұйымдар «KAZENERGY» қауымдастығының арнайы есепшотына миллиондап ақша аударып қойған. Енді, қаңтардың алдағы 18-і күні Астанада өтетін Қазақстанның мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының «KAZENERGY» қауымдастығының кезекті 12-інші кеңесінде бұл қаражатты үйлестіру комиссиясының құрамы бекітіліп, есепшотқа түскен ақшаны жұмсау мәселесі қаралады. Бүгінгі таңда ол бойынша нақты ұсыныстар да жоқ емес. Мәселен, «KAZENERGY» қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған қаражатқа Жаңаөзендегі институционалдық жобалар іске асырылмақ, яғни психологиялық оңалту немесе жұмысқа орналастыру орталықтары сияқты құрылыс нысандары салынбақ. Сондай-ақ, білім алып жүрген жастар үшін сан түрлі шәкіртақыларды тағайындау жоспарланып отыр.
Ал Жаңаөзен мен Шетпеде зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсетуді көздейтін өзге тағы бір қорға осы уақытқа дейін 350 мың теңге түсті. Бастаманы қолға алған азаматтар қор қаражатының әлі де ұлғаятынына сенімді. Себебі келесі аптадан олар жаңаөзендіктер мен шетпеліктерге тікелей ақша аударуды бастамақ.