Есірткі затын заңсыз иемденіп, сатқан азамат ұзақ мерзімге сотталды - БҚО

алқа билердің қатысуымен азамат Ж.Мырзағалиев ҚР ҚК 259-бабы 2-бөліміне сәйкес мүлкін тәркілеу арқылы 7 жыл 6 айға сотталды. Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ҚР ҚК 60-бабын қолдану жолымен, Орал қалалық сотының 2007 жылғы 8 қазандағы үкімімен тағайындалған жазаның өтелмеген бөлігін ішінара қосу, үкімдердің жиынтығы бойынша жазасын түпкілікті өтеу үшін мүлкін тәркілеу арқылы, қатаң режимдегі түзеу колониясына, 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ҚР ҚК 13-бабы, 2-бөлімі, «б» тармағына сәйкес оның әрекеті қылмыстың қауіпті қайталануы деп танылды.
Сот барысында анықталғанындай, Ж.Мырзағалиев анықталмаған адамнан жалпы салмағы 7,14 грамм кептірілген марихуананы заңсыз алып, сақтаған. Өткен жылы 14 маусымда сағат 18.15 шамасында Орал қаласы, Ташкент көшесі, №7 үйдің қасында «Саша» есімді куәге жалпы салмағы 7,14 грамм марихуананы 3500 теңгеге сатқан. Аталған есірткі затын «Саша» сол күні өз еркімен полиция қызметкерлеріне берген, сараптама қорытындысына сәйкес аталмыш зат салмағы 4,4 гр. «кептірілген марихуана» болып шықты. Өзінің қылмыстық әрекетін жалғастырған Мырзағалиев 16 маусымда сағат 16.00 шамасында Орал қаласы, Локомотив көшесіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің қасында «Саша» есімді куәге салмағы 2,74 гр. кептірілген марихуананы 3500 теңгеге сатқан.