Эстония Қазақстанмен бірлескен ІТ-кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынады
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігінде экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-эстон үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы барысында мәлім болды.
Ақпараттық технологиялар жөніндегі ынтымақтастық шеңберінде Эстон тарабы қос елдің ИТ-кәсіпорындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар саладағы тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін қарастыруды ұсынып отыр. Атап айтқанда, SIM-карталарындағы электронды сандық қол қою мен электрондық идентификациялық қызмет көрсетулер, денсаулық сақтау қызметін автоматтандыру, білім беру саласында есептеу технологияларын қолдану, бизнеске арналған біріккен электрондық инфрақұрылымды жасау (көлік, энергетика және туризм), сонымен бірге бизнес-регистрлердің мәліметтерімен алмасу мәселесін бірлесе дамытуға эстон тарапы қызығушылық білдіруде.
Бұдан бөлек, транзиттік-транспорттық ынтымақтастық, қазақстан-эстон өзара әрекеттестігінің анағұрлым ауқымды жұмыс атқарылған маңызды бағыты саналады. Сондықтан да, транспорт пен логистика жөніндегі Жұмыс тобының отырысы аясында аталмыш саладағы болашағынан үміт күттіретін бағыттар қарастырылған болатын. Оның ішінде, Таллин айлағының мүмкіндіктерін Қазақстан жүктерін Еуропа елдеріне экспорттау мақсатында пайдалану мәселесі қарастырылып отыр. Жалпы, Эстониядағы аса ірі Таллин айлағының суы тереңдігімен, жыл бойғы жұмыс тәртібімен, заманауи терминалдарымен және жүктерді жедел өңдеуімен сипатталады.
Сонымен қатар, екіжақты қарым-қатынас бойынша энергетика саласындағы ынтымақтастық та маңызды орынға ие. Бұл ретте үкіметаралық энергетика жөніндегі Жұмыс тобының құрылуына Қазақстан кен орындарында битуминоздық тақта тасты өндіру мен қайта өңдеу саласында эстон технологияларын тиімді түрде пайдалану мақсатында Қазақстан жағы бастамашылдық еткен болатын. Осыған орай, эстон тарабы тақта тас майы мен энергия көздерін өндіру үшін Қазақстанның пайдалы қазбаларының кен орындарында тақта тасты өндіру мен қайта өңдеу саласындағы «Enefit 280» жаңа сатылы эстон технологияларын енгізу мәселелерін талқылауды жалғастыруды ұсынып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, жиынға Қазақстан тарапынан Сыртқы істер министрлігінің Жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаев, Эстон жағынан Экономика және коммуникация министрі Юхан Партс төрағалық етуде.