17:39, 14 Наурыз 2009 | GMT +5
ЕурАзЭҚ-тың ортақ валютасы туралы идея дамытылады - С.Лавров
МӘСКЕУ. Наурыздың 14-і. ҚазАқпарат - Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) елдері үшін ортақ мемлекетаралық қолма-қол емес есептік-төлемдік бірлік енгізу туралы Қазақстан Президентінің идеясы әрі қарай дамытылады,
деп мәлім етті сенбі күні Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров. «Мен, Қазақстанның ұсынысы ЕурАзЭҚ аясында егжей-тегжейлі талқыланады деп ойлаймын. Ол идея, міндетті түрде дамытылады», деді С.Лавров қазақстандық әріптесі Марат Тәжинмен болған келіссөздің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында. Қазақстан министрі Марат Тәжин өз кезегінде, бұл бастаманың әлемдік қаржы және валюта жүйесін тұрақтандыруға бағытталып отырғанын айтып өтті. Ол, ЕурАзЭҚ аясында ортақ аймақтық валютаны күні ертең жасау туралы сөз болып отырмағанын айтты. Оның айтуынша, бұл идея стратегиялық мазмұнға ие және ол аталмыш ұйымның аясында келешекте талқыланатын болады». Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жаңа электрондық-есептік бірлікті «еураз» немесе «еуразия» деп атауды ұсынған болатын. Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа 2001 жылдан бері Ресей, Беларус, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдері мүше. Ұйымға 2006 жылы кірген Өзбекстанның мүшелігі, республиканың өз өтінішімен 2008 жылдың желтоқсан айында тоқтатылған болатын.