Еуразиялық экономикалық комиссияның штаб-пәтері Мәскеуде орналасады
Бұл туралы Мәскеуде ресейлік және беларустық әріптестерімен болған кездесуден кейінгі баспасөз мәслихаты барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
«Менің ұсынысым - Еуразиялық экономикалық одақтың атқарушы органдарын Астанада орналастыру болатын. Алайда, біз әріптестерімізбен бір шешімге келдік, бұл оңай деп ойламаңыздар, арамызда ешқандай түсініспеушілік болған жоқ. Бірақ, орталығы Бельгияда орналасқан Еуропалық одақтың типі бойынша, және де біздің ықпалдастық ұйымымыз үшін жақсы ниетпен біз бір мәмлеге келдік. Барлық заңдар күшіне енген соң, біз 2015 жылға қарай, тіпті одан да бұрын, мемлекеттеріміздің экономикалық одағын нақты құра аламыз. Сол кезде біз ықпалдасық ұйымының қандай органдары қай елдің астаналарында орналасатынын шешеміз», - деді Елбасы Н.Назарбаев.
«Екіншіден. Біз бірауыздан Еуразиялық экономикалық комиссия жетекшісінің қызметіне РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Виктор Христенконың кандидатурасына қолдау білдіреміз. Біз комиссия жұмысының алғашқы кезеңінде бірінші басшы төрт жыл жұмыс істейтініне келістік. Сондықтан осы жылдары атқарушы органдардың Мәскеу қаласында орналасқаны дұрыс шығар», - деді Н.Назарбаев.