Еуразиялық медиа форум: Грекияның бұрынғы вице-премьері ЕО-ны халықаралық ұйым ретінде атауды тоқтатуды ұсынды

Мұндай пікірін ол бүгін Астанада Еуразиялық медиа форум барысында білдірді.
«Грекиядағы проблемалардың негізгі бөлігі ұлттық валютамен байланысты мәселелер болып табылады. Бұл Еуропалық одақ аясындағы ұлттық валютасы жоқ мемлекеттің алғашқы проблемасы. Жалпы Еуропалық одақта кейбір мемлекеттер өте жақсы өмір сүріп жатыр. Мәселен, Германия, Нидерланды, Финляндия. Сондықтан да, бізге ортақ валюта, ортақ экономикалық саясатты, ортақ фискалды саясатты білдіретіндей қандай да бір тәсілдерді тапқан абзал», - деді ол.
Оның айтуынша, Еуропалық одақ - бұл түрлі ерекшеліктегі әртүрлі халықтардың ортақ қазанға үлес қосып, соның арқасында мәселенің барлығын мемлекетүсті тәртібімен шешетін әлемдегі алғашқы тәжірибе. «Мен Еуропалық одақтың көптеген ережелерімен де келісе бермеймін. АҚШ бірқатар жылдар бойы ЕО-ны халықаралық ұйым ретінде атап келгенімен, бұл олай емес. Бұндай терминді қолданудың тоқтатылуын қалар едім», - деді Т. Пангалос.