Еуропа елдеріндегі Қазақстанға деген туристік қызығушылықтың 40 пайызы Германияның үлесінде - Тимур Дүйсенғалиев
Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «ҚР-ның 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасы аясында Алматы қаласында туризм саласын дамыту» деп аталатын республикалық семинарда айтылды.
«Германия - біздің негізгі стратегиялық серіктесіміз. Туризмді дамытудағы даму моделі де үлгі бола алады. Алматы қаласы мен Алматы облысы аумағында туристерді тасымалдайтын жеке автопарк құру туристік компаниялардың ұсынатын өнімдерінің бағасын арзандатуға мүмкіндік береді», - дейді «Жібек жолы» ЖШС-нің директоры Тимур Дүйсенғалиев. Оның айтуынша, Алматы қаласындағы туризм кластерін дамытуда «Жібек жолы» бойымен транзиттік туризм, тау шаңғысы туризмі, экотуризм және әлеуметтік немесе статистикалық есеп деген 4 бағыт айқындалып отыр.
«Бүкілемдік туристік ұйымға Алматы қаласының «Жібек жолы бойындағы қала» деген мәртебемен енуі мұндағы туризмнің дамуына үлкен серпін береді. Егер бірінші боп оған қол жеткізсек, халықаралық брендке ие боламыз. Қазір Орталық Азияда ешбір елде, ешқандай қалада мұндай мәртебе жоқ. «Алматы - Қазақстанның ғана емес, «Жібек жолының» қақпасы», - дейді Тимур Талашұлы.