Еуропадағы дағдарыс салдары ондаған жылдар бойы сезіледі - Гайтнер

АСТАНА. 27 ақпан. ҚазАқпарат - Еуропаны қамтыған экономикалық дағдарыс өте елеулі, ал оның салдары таяудағы ондаған жылдар бойы сезіледі, деп санайды АҚШ қаржы министрі Тимоти Гайтнер.
None
None

«Еуропа қазір экономикадағы апатты жағдайға жол бермеу үшін бел шешіп іске кірісті, алайда әзірге толық сенімді қалпына келтіру үшін негіздер жеткіліксіз», - деді Гайтнер сенбі күні «Жиырмалық тобы» қаржы министрлері мен орталық банктер басшыларының кездесуі барысында.

Ол Халықаралық валюта қорының ресурстарын ұлғайту үшін қаражаттар табылатынына сенім білдірді. «Әлем елдері бұрынғыдай ХВҚ-да болашақ қатерлерге қарсы тұру үшін жеткілікті қаржы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды деп сенемін», - деді АҚШ қаржы министрлігінің басшысы.

ХВҚ экономистерінің есептеуінше, Еуропадағы экономикалық проблемаларды шешу үшін 600 миллиард доллар көлемінде қаржы қажет. Бұдан бұрын қаржының едәуір бөлігін еуропалық елдер, Қытай мен Жапония беруге әзір екені хабарланған болатын. Қаржы министрі Антон Силуанов Ресей 10 миллиард доллар бөлетінін, дегенмен бұл шешімге  басқа елдердің ұстанымдарына қарай өзгертулер енгізілуі мүмкін екенін мәлімдеді.  

Соңғы жаңалықтар