Фармацевтика саласындағы отандық тауар өндірушілер үшін қажетті мүмкіндіктердің барлығы қарастырылуда - Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі

АСТАНА. Тамыздың 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі фармацевтика саласындағы отандық тауар өндірушілерге тұрақты нарық қалыптастыра білді.
None
None

Бұл үкімет тарапынан құрылған бірыңғай дистрибьютерлер арқылы 7 жылға жасалатын ұзақмерзімді келісімнің негізінде мүмкін болып отыр. Бұл туралы бүгін еліміздің фармацевтика саласындағы атқарылып жатқан шаралар туралы журналистермен кездескен Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Нұрмұхамбет Әбдібеков мәлім етті.

Оның айтуынша, қазіргі таңада елде фармацевтика саласындағы отандық тауар өндірушілердің өнімдерін сатып алу жұмыстары бойынша да тап осындай жүйе құру мәселесі қолға алынып, жүзеге асырылуда. «Сонымен қатар, отандық тауарларды экспортқа шығару үшін экспортты қолдау тетігіне көмек көрсетілетін болады. Бұл шараның «Kaznex» акционерлік қоғамы арқылы жүзеге асырылып жатқаны баршаға мәлім.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, аталмыш шаралар фармацевтика өнеркәсібін 2010-2014 жылға дейінгі дамыту бағдарламасын жүзеге асырудағы басты мақсаттардың бірі болып отыр. Бағдарламада көрсетілген міндеттерді жүзеге асырудың тағы бір бағыты - фармацевтика саласын кадрлық ресурстармен қамтамасыз етуге қатысты. «Бұл бағыттағы жұмыстар болашақта тиісті тереңдетіп оқыту шараларымен байланысты жүргізілетін болады. Ол үшін жоғары оқу орындарынан фармацевтика мамандарын даярлайтын бөлімдер ашылады. Сондай-ақ осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыру үшін көшпелі мектептер жүйесі іске қосылады. Бұған қоса осы салада қызмет етіп жатқан кәсіпорындарда да оқыту жұмыстары жүргізіліп, және оған шетелдік мамандар тартылады», деді Н.Әбдібеков.

Сондай-ақ оның сөзінше, бағдарламаны жүзеге асырудың үшінші бағыты нормативті-құқықтық базаны жетілдірумен байланысты болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар фармацевтика саласындағы бірқатар әкімшілік кедергілерді жоюға қатысты болады. Нақтырақ айтқанда, болашақта кейбір дәрі-дәрмектер бойынша тіркеу жұмыстары жеңілдетіліп, оған берілуі тиіс құжаттардың мерзімі қысқартылады. Осы арқылы фармацевтика саласына тікелей инвестиция тартуға анағұрлым қолайлы жағдайлар жасалады.

Соңғы жаңалықтар