Финляндия - Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі - Н. Назарбаев
Бүгін Ақордада елімізге алғашқы мемлекеттік сапармен келген Финляндия Президенті Саули Ниинистёмен кеңейтілген құрамдағы кездесу барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Біз қазір ғана екіжақты келісім барысында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың барлық тараптарын қозғадық. Даму әлеуеті әлі де болса толық пайдаланылмай отыр деген ортақ пікірге келдік»,-деді Мемлекет басшысы.
Елбасының атап өтуінше, Қазақстан Финляндияны Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі деп санайды. Әрі екіжақты ынтымақтастықтың әлеуетін барынша пайдалануға ниетті.
«Мен Қазақстанда фин тарапының қызығушылығын туындататын салалардың көп екендігіне сенімдімін және Финляндия да біздің қызығушылығымызды оятады»,-деді Н. Назарбаев.
ҚР Президентінің сөзіне қарағанда, соңғы жылдары жоғары деңгейдегі бүгінгідей кездесулер фин бизнесінің Қазақстан нарығындағы қызметін кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта елімізде фин капиталы салынған 70-тен астам компания жұмыс істеуде. Олар еліміздің түрлі салаларын қамтыған.
Өз кезегінде Астанадағы жылы қабылдауы үшін Қазақстан Президентіне зор алғысын жеткізген Финляндия басшысы, осындай жоғары деңгейдегі кездесулердің одан әрі жалғасатындығына сенім білдірді.