Финляндия мен Қазақстан арасындағы екіжақты саяси диалог белсенді әрі сенімді сипатқа ие - ҚР Президенті
«Финляндия мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі достық, серіктестік қатынастар екі елді байланыстырады. Қазір екіжақты саяси диалог белсенді, сенімді сипатқа ие болып отыр. Бұл біздің Финляндия Республикасы Президентімен соңғы 1,5 жылда үшінші кездесуіміз», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2010 жылдан бері Финляндияның Қазақстандағы Елшілігі жұмыс істесе, өткен жылы қазақ елінің Елшілігі Хельсинкиде ашылды. Бұл екі елдің әріптестік қарым-қатынасты тереңдетуге ұмтылысын кезекті мәрте қуаттай түседі.
«Қаржы дағдарысының жағымсыз салдарына қарамастан біздің сауда-экономикалық істеріміз де қарқын алып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 800 млн. АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның Солтүстік Еуропаның басқа елдерімен тауар айналымы жиынтығынан 70 пайызға артық», - деді ҚР Президенті.
Сонымен қатар бүгінгі кездесу барысында Қазақстан экономикасын әртараптандыру жобаларына фин бизнесінің қатысу мүмкіншілігін кеңейту мәселелері талқыланғанын атап өткен Елбасы: «Біздің жобаларымызға фин кәсіпкерлерінің кеңінен қатысуы біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынастарды нығайтуға сеп болады», - деді