Форт-Шевченко қаласы мен Баутин кентіне газ құбыры толықтай тартылып, темірбетон жасау цехы мен су тұщыту қондырғысы іске қосылды

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Форт-Шевченко қаласына газ жүйесінің іске қосылуына демеушілік көрсеткен Аджип ККО компаниясы. 2009 жылдың қазан айында басталған құрылысқа 431,5 млн қаржы жұмсалған. Түпқараған ауданында орын алып жатқан жағымды жаңалықтарды ел тұрғындарымен бөлісуге облыс басшысы мен БАҚ өкілдері барып қайтты.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың айтуынша, инфрақұрылымдық жобалар құрылысы аймақтың экономикасының өсуі мен тұрғындар өмірінің жақсаруына көп септігін тигізеді. «Газ жүйесі, электр жүйесі, сондай-ақ ауыз су мәселесімен қамтамасыз ету Президент тапсырмасы бойынша іске асуда. Жақын арада Мұнайлы ауданындағы Өмірзақ поселкесінде жүріп жатқан газ құбырын тарту жұмысы аяқталмақ. Сонда Маңғыстаудағы барлық ауыл-аймақ 2009 жылдың аяғында толықтай газ жүйесімен қамтамасыз етіліп отыр. Бүгін Форт-Шевченко мен Баутин, Аташ кенттерінде газ жүйесі іске қосылды. Барлық тұрғындарды бүгінгі қуаныштарыңызбен құттықтаймын» деді облыс басшысы Қырымбек Көшербаев.
Мұнан кейін облыс әкімі Форт-Шевченко қаласындағы темірбетон жасау цехының іске қосылу рәсімі мен су тұщыту қондырғысының ашылу салтанатына қатысты. Жер аумағы 1,44 га жерді қамтитын зауыт 3 түрлі темір-бетон бұйымдарын өндіреді. Олар - бетон бұйымдары, темірбетон плиталары, әртүрлі темірбетонды элементтер.Зауыт жылына 40 000 текше метр темірбетон өнімін шығарады деп күтілуде.Зауыттың сметалық қаражат құны 432,3 млн.теңгені құраған. 2007 жылы құрылысы басталған нысанда қазіргі таңда 40 адам жұмыс жасауда. Зауыт басшыларының айтуынша, болашақта 210 адамға көбейтпек. Арнаулы мамандарды дайындау бағдарламасы бойынша оператор, технологтарды Москва қаласы Ивантеевкадағы «Стройтех» зауытына оқу - үйренуге жіберу жоспарланған.
Форт-Шевченко қаласындағы су тұщыту қондырғысыТүпқараған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің тапсырысы бойынша іске асқан. Республикалық бюджеттен 174, 1 млн.теңге қаражатқа салынған нысандағы екі мембрананың күші сағатына 40 текшеметр суды тазалап тұрғындарға ұсына алады.
Сапар соңында облыс басшылары жаңа жылға таяу уақытта пайдалуға берілген «Гелиос» ЖШС-нің жанармай бекетіне барды. Май ауыстыру орталығы бар және жанар-жағармай сату қызметі мен 24 сағаттық дүкені бар орында жергілікті мамандардан 17 жұмысшы бар. Енді Түпқараған тұрғындары мемлекет бекіткен бағамен жанармайды өздеріне жақын жерден алмақ.