Фотожурналист Шүкір Шахайдың «Тәуелсіздік» атты альбомы жарыққа шықты

Фотошежіреге белгілі қаламгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сауытбек Абдрахманов алғысөз жазған.
Қаламгер Шүкір Шахайдың 25 жасында «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істей жүріп, тарихи сәттерді фотосуретке түсіріп, ел тарихын жазуға үлес қосқанын жазады. Сауытбек Абдрахманов алғысөзінде «Осы жиырма жылдың шынайы шежіресін көркемсурет тілімен оқып шыққандай әсер аламыз. Шүкір Шахайдың еңбегі өзіміз жүріп өткен бұл жолдың атқан оқтай түзу, төселген тақтайдай тегіс болмағанын көрсету арқылы азаттық жолы азапты, тәуелсіздік жолы тәуекелге толы деген ойды санамызға сіңіреді, сонысымен де бостандықтың бағасын білдіре түседі»,- деп атап өткен.
Бұл фотоальбомда Мемлекет басшысының Ант қабылдау сәті, мемлекеттік рәміздеріміз - Ту, Елтаңбаны қабылдау оқиғалары көрініс тапқан. Бұған қоса, тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіровтің ғарышқа ұшуы, ғарышта болған Құран Кәрім, Невада-Семей қозғалысының басталуы, Арал мәселесіне қатысты суреттер бар. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында өткізілген танымал тұлғаларымыз Абай Құнанбайұлы мен Сара ақынның 150 жылдық мерейтойлары, басқа да дүбірлі той-думандардың көріністері де осы жинақтан орын алған.
Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы, елімізде өткізілген Ислам конференциясы ұйымының кездесуі, Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі, ЕҚҰЫ саммиті сияқты Қазақстанда өткізілген әлемдік оқиғалардың айшықты сәттері бейнеленген. Елордамыз Астананың сәулетті келбеті, түнгі көріністері де фототілімен баяндалған.
«Егемендігіміздің жылнамасындағы маңызды дейтін барлық оқиғаларды оқырман осы фотоальбомнан тауып, тарих қойнауына бір сапар шегеді деген үміттемін. Бұл шығып отырған кезекті 13-ші кітабым. Туындының көлемі өзгеше болғандықтан ол Түркиядағы баспаханада арнайы тапсырыспен басылды. Фотоальбомның шығуына демеушілік жасаған Шеврон компаниясына алғысымды білдіремін»,- дейді Шүкір Шахай.