Француз компаниялары Қазақстанның инновациялық нарығына шығуға дайын
«Парижде «ТДҰА» басшылығы өз технологиялары және әзірлемелерімен Қазақстан нарығына шығуға дайын француздық инновациялық компаниялармен келіссөздер жүргізді. Бұлар «Нутристар Интернэйшнл», BULL IT, Environment Sa және ARIA Technologies» сияқты компаниялар», - делінген агенттіктің хабарламасында.
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, аталған компаниялар жем-шөп қосымшаларын, компьютерлік техникаларды өндіру, ауадағы газ бен микробөлшектерге бақылау жасау және тағы басқалармен шұғылданады.
Бұдан басқа, Қазақстан-Француз Іскер кеңесінің отрысында Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттіктің басшысы Айдын Құлсейітов пен CEIS стратегиялық консалтингінің Еуропалық компаниясының президенті Оливье Дарразон Қазақстан-Француз технология трансферті орталығының жұмысы жөніндегі Келісімге қол қойды.
«Келісімнің мәні мынада - биылғы жылдан бастап «ТДҰА» АҚ мен CEIS компаниясы Париж және Астана қалаларында ресми өкілдіктерін ашып, Парижге Қазақстан жағының өкілі жіберіледі, ал «ТДҰА» АҚ-ның кеңсесіне технология трансферті жөніндегі жұмыстар үшін француздық маман келетін болады. Өкілдіктерді 2013 жылдың наурыз-сәуір айларында ашу жоспарлануда», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.
«Өкілдіктерді ашу француз компанияларының Қазақстан нарығына шығуын және Қазақстанның Франция нарығына шығуын оңайлатады. Сондай-ақ, қазақстандық және француздық компаниялардың инновация саласындағы ынтымақтастығын нығайтады», - деді Айдын Құлсейітов.
Кездесулер Премьер-Министрдің орынбасары, ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев басқарған қазақстандық делегацияның Францияға жұмыс сапары барысында өткізілген.