Футбол: «Ақжайық» «Астанаға» алдырмады

Қазақстан құрамасының бас бапкері Мирослав Беранек жаттықтыратын «Астанада» негізінен ел намысын қорғайтын футболшылар ойнайды. Легионерлері де осал емес. Ал таласты шешу жөніндегі палатаның шешімімен бірден алты ұпайынан айрылып, соңғы орынға түсіп қалуға мәжбүр болған «Ақжайықтың» Погос Галстян бастаған бапкерлері биыл жергілікті ойыншыларға көбірек сенім артуда. Шыны керек, бұл өз жемісін беруде. Бұл жолы өткен турда алаңнан қуылған Бауыржан Омаров ойнамаса, есесіне жарақаттарынан айыққан Николай Забродин мен чехиялық легионер Павел Черны алаңға шықты. «Астаналықтардан» қаймықпаған оралдық ойыншылардың басымдылығы анық байқалғанымен, олар ұрымтал сәтте бес-алты рет қонақтар қақпасын дәл көздей алмады. Тек 31-минутта қақпа алдында кері қайтарылған допқа бірінші жеткен П.Черны өз мүмкіндігін қалт жіберген жоқ.
Ойынның алғашқы кезеңінде оңтайлы сәттерді дұрыс пайдалана алмаған «астаналықтар» екінші таймды қарқынды бастады. Әсіресе, оң қанатта әбжіл қимылдаған Ұлан Қонысбаев 49-минутта «Ақжайықтың» қақпашысы Стас Покатиловпен жекедара шығып, қарымта голды соқты. Дегенмен бұл жолы «Ақжайық» ойыншылары алдырған жоқ. 56-минутта бразилиялық қорғаушы Зелаоның қателігін құр жібермеген Игорь Зенькович биылғы маусымдағы доп санын 6-ға жеткізді. Бұл голдан кейін алаң иелері жеңіске жақын тұрды. Алайда 86-минутта тағы да оң қанаттан суырылып алға шыққан Ұлан Қонысбаевтың айып алаңына берген добын екінші таймда ойынға қосылған черногориялық Дамир Кояшевич қақпаға тура бағыттап, есепті теңестіріп кетті.
Сөйтіп 2:2 есебімен аяқталған тартысты кездесу «Ақжайықтың» кез келген командамен терезесі тең ойын өрнегін көрсете алатынын танытты. Бұл матчта қызылордалық төреші Ақмалхан Холматовтың барынша әділ қазылық жасағанын айта кеткен жөн.
Аяқ астынан алты ұпайынан айрылған «Ақжайықтың» жағдайы әлі де қиын. Әзірге төрт-ақ ұпаймен соңғы орында келеді.