19:51, 09 Шілде 2013 | GMT +5
Футбол: «Ақжайық» қос легионермен толықтырылды
ОРАЛ. 9 шілде. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионаты премьер-лигасында өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» қос легионермен толықтырылды.
«Ақжайық» футбол клубынан түскен мәліметке қарағанда, чехиялық қақпашы Антонин Бучек 1984 жылы Острава қаласында дүниеге келген. Бойы 188 см. «Баник» (Острава), «Хмель» (Бешаны), «Усти-над-Лабем» (Усти-над-Лабем), «Баник» (Соколов) клубтарында өнер көрсеткен. Сондай-ақ Чехия жастар құрамасы сапында екі кездесуде алаңға шыққан.
Босниялық шабуылшы Недо Туркович 1989 жылы Сараево қаласында өмір есігін ашқан. Бойы - 190 см. Оралға келгенге дейін босниялық «Травник» және черногориялық «Ловчен» командаларында ойнаған.
Осымен «Ақжайық» командасында легионерлер қатары бесеуге жетіп отыр. Бұған дейін оралдықтар құрамында чехиялықтар Якуб Хлебоун мен Павел Черни, камерундық Саджо Хаман батысқазақстандықтар намысын қорғап келген болатын.