Футбол: «Ақжайық» өз алаңында ұтылып қалды

ОРАЛ. 7 шілде. ҚазАқпарат - 6 шілде күні Қазақстан чемпионатының кезекті турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдады.
None
None

Кездесу барысында шымкенттік команданың қай шепте болсын атақ-дәрежесі жетерлік, кезінде Қазақстан құрамасында доп тепкен немесе қазір ойнап жүрген шебер футболшылары барлығы көзге ұрып тұрды. Сонымен бірге легионерлері де баршылық, олардың артығы алаң сыртында кезегін күтіп отырды. «Ақжайық» бұнымен мақтана алмайды. Қос чехиялық Якуб Хлебоун мен Павел Черниге қоса бұл жолы камерундық Саджо Хаман да бірден алаңға шықты. Басқа легионері жоқ алаң иелері қонақтарға барынша қарсыласып бақты. Команда капитаны Руслан Хайыров ұрымтал тұстардан табылып, оңтайлы сәттерді орынды пайдалануға тырысты. Алайда И.Зенькович сынды мерген шабуылшының жоқтығы байқалып-ақ тұрды. Алексей Мальцевтің бойы аласа болғандықтан, оны «Ордабасының» қорғаушылары ойнатқан жоқ.

Қонақтардың тегеуріні екінші таймда өз нәтижесін берді. 77-минутта Азат Нұрғалиевті алмастырған сербиялық легионер Данило Белич көп ұзамай-ақ есеп ашты. Бұдан кейін Талдықорғанның «Жетісуінен» ауысып келген хорватиялық шабуылшы Эдин Юнузович тепкен доп қақпадан сәл қиыс кетті. Шабуыл шебінің осалдығынан амалсыз алға шыққан қорғаушы Якуб Хлебоун 90-минутта қонақтар қақпасын дәл көздеді. Бірақ «Ақжайықтың» жанкүйерлері қуанып үлгермеді. Арада бір минут өтпей жатып Евгений Левин жеңіс добын соғып кетті.

Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында «Ордабасының» бас бапкері Виктор Пасулько өз футболшыларының кемінде үш-төрт рет қақпаға доп соғатын мүмкіндіктері болғандығын алға тартты. Оның сөзіне қарағанда, «Ақжайықты» менсінбеу болған жоқ, қайта шымкенттіктер тастүйін дайындықпен шықты. Алаң иелері сауатты қорғанды, доп соғатын жалғыз сәтті де шебер пайдаланды. Дегенмен «Ордабасы» жеңіске лайық екендігін көрсете білді.

Өз сөзін ойыншыларына алғыс айтудан бастаған бас бапкер міндетін атқарып жүрген оралдық жаттықтырушы Артур Авакянц «Ақжайықтың» 91-минутта доп өткізіп алғанына өкініш білдірді. Яғни оларға гол соққаннан кейін қорғаныста жинақылық жетіспеді. Батысқазақстандықтар қаржы қиындығына ұшыраған кезде де, одан кейін де барын салып келеді. Алайда командада бар болғаны 13-ақ ойыншы қалды. А.Мальцевті алмастырған Сергей Шевцов та негізгі ойыншылар жарақат алып қалмас үшін алаңға шықты. Басқа олармен деңгейлес футболшы жоқ. Команданы нығайту үшін чехиялық қақпашы Антонин Бучекпен, босниялық шабуылшы Недо Турковичпен келісімшарт жасалды. Орал футболының түлегі, бірінші лигада өнер көрсететін Шымкенттің «Қыранында» ойнаған жартылай қорғаушы Мейрам Сапанов қайта «Ақжайыққа» қосылды. «Енді команданы осы ойыншылар күшейте ме деп ойлаймыз. Өзге ешкім келмейді. Ең бастысы, «Ақжайық» бұрынғыша жергілікті футболшыларға сенім артады», деді А.Авакянц.

Сөйтіп көш соңында қалған оралдық клубты алда қиын кезең күтіп тұр. 14 шілдеде «Ақжайық» елордада «Астанамен» жасыл алаңға шықса, 20 шілдеде Өскеменнің «Востогын» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар