Футбол: «Ақжайық» өз алаңындағы бірінші кездесуінде жеңіске жетті

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан премьер-лига командалары арасында ел біріншілігінде өнер көрсететін Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 3:1 есебімен жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Бірінші турда Павлодарда «Ертіске» 1:2 есебімен есе жіберген алаң иелерінің құрамында өзгеріс болмай қалған жоқ. Қақпаны бұл жолы Денис Төлебаев қорғаса, сондай-ақ Орал футболының түлегі, жартылай қорғаушы Руслан Валиуллин бірден алаңға шықты.

«Ақжайық» кездесуді бірден қарқынды бастады. 2-минутта «Шахтердің» қақпашысы Игорь Шацкий Эдуард Сергиенконың соққысын қайтарып үлгергенімен, чилилік Матиас Рубионың тепкен добына қайран қыла алмады. 7-минутта төреші қонақтардың қақпасына 11 метрлік айып добын белгіледі. Оны нигериялық легионер Изу Азука дәл орындай білді. 

Екінші таймда қарағандылықтар барынша алға ұмтылып бақты. 69-минутта алаңға тыңнан қосылған Михаил Габышевтің пасынан кейін Дәуренбек Тәжімбетов алаң иелерінің қақпасын дәл көздеп, есепті қысқартты. Дегенмен үш минуттан соң Изу Азука «Шахтер» қорғаушыларының қателігін пайдаланып, өзінің екінші голын соқты.

Екі турдан кейін Қызылорданың «Қайсары» алты ұпаймен көш бастаса, одан кейін «Ордабасы» (Шымкент), «Тобыл» (Қостанай), «Қайрат» (Алматы), «Ертіс» (Павлодар) командалары төрт ұпаймен бір-бірімен құйрық тістесіп келеді. Үш ұпай жинаған «Ақжайық» алтыншы сатыға көтерілді.

Биылғы чемпионаттағы бір күтпеген жағдай, бірінші турда «Ордабасыдан» ойсырай жеңіліп, осы жолы «Ертіспен» сырт алаңда тең ойнаған ел чемпионы «Астана» әзірге 11-інші орында тұр. 17 наурыз күні «Ақжайық» елордада дәл осы астаналықтармен кездесетін болады.

Соңғы жаңалықтар