Футбол: «Ақжайық» сегізінші орынға сырғыды

ОРАЛ. 29 сәуір. ҚазАқпарат - Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының сегізінші туры Оралдың «Ақжайығы» үшін сәтсіз аяқталды.
None
None

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз хатшысы Арсен Ғұбашевтің айтуынша, Шымкент қаласында жергілікті «Ордабасымен» ойында жанкүйерлер қақпаға алты бірдей доп соғылғанын көрсе, соның төртеуі, өкінішке қарай, қонақтардың қақпасына енді. Дегенмен есепті алдымен «Ақжайық» ашты. Негізгі құрамда алаңға қайтадан шыққан Николай Забродин 3-минутта-ақ айып добын соғуға жол ашты. Бұл мүмкіндікті оралдықтардың шабуылшысы, белорус Игорь Зенькович мүлт жібермей, біріншіліктегі доп санын 5-ке жеткізіп, мергендер көшін бастады. Алайда 35-минутта сенегалдық легионер Мансур Гуйе таразы басын теңестірді.

Екінші таймда алаң иелері айқын басымдылық танытты. Көп ұзамай 51-минутта Бақдәулет Қожабаев «Ордабасыны» алға шығарды. 55-минутта Алексей Мальцев биылғы маусымдағы алғашқы добын соғып, есепті қайта теңестірді. Бұдан әріге оралдықтардың шамасы жетпеді. 63-минутта Қайрат Әшірбековтің орнына шыққан Артем Касьянов соңғы он минутта қос бірдей доптың авторы атанып, командасына жеңіс сыйлады. Оның үстіне 86-минутта «Ақжайықтың» қорғаушысы Бауыржан Омаров екінші ескерту алып, алаңнан қуылды, яғни ол келесі ойынға қатыспайды. Бұған жарақат алған футболшыларды қосқанда, батысқазақстандықтардың жағдайы аса мәз емес.

Осы турдан кейін сегізінші орынға сырғыған батысқазақстандықтар 1 мамыр күні Қазақстан кубогі үшін Қаскелеңде «Сұңқармен» күш сынасады. Ал 5 мамыр күні біріншілік көшбасшыларының бірі «Астана» командасын өз алаңында қабылдайды. Өткен жылғы маусымда астаналықтар Ұлан Қонысбаевтың арқасында Оралда 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Соңғы жаңалықтар