Футбол: «Ақжайық» «Жетісумен» тең ойнады

Екінші айналымдағы ойындарын сәтсіз өткізген алаң иелері бұл матчта барын салып бақты. «Ақжайық» футболшылары қонақтар қақпасын жиі нысанаға алғанымен, біразға дейін нәтижеге қол жеткізе алған жоқ. Бұған «Жетісудың» қақпашысы Владимир Логиновскийдің сәтті ойнауы әсер етті. Тіпті 35-минутта сербиялық легионер Милош Стойчев 11 метрлік айып добын да соға алмады. Тек 39-минутта «Ақжайықтың» қорғаушысы, чехиялық Якуб Хлебоун бұрыштамадан берілген допты қақпаға дәл бағыттады. Ол бірінші айналымда Талдықорғанда өткен кездесуде де баспен гол соғып, «Ақжайықтың» ұтысына үлес қосқан болатын.
Оралға жеңістен дәметіп, қарымта қайтарамын деп келген «жетісулықтар» да қарап қалған жоқ. 49-минутта хорватиялық легионер Эдин Юнузович есепті теңестірсе, 60-минутта Алексей Щеткин командасын алға шығарды. Сөйтіп басымдылық танытса да, өз мүмкіндіктерін пайдалана алмаған «Ақжайыққа» жеңіліс қаупі төнді. Дегенмен екінші таймда алаңға шыққан команданың сұрмергені Игорь Зенькович 78-минутта есепті теңестірді. Ол қостанайлық Бауыржан Жолшиевпен бірге 8 доппен мергендер көшін бастап келеді.
Бұл турдан кейін 27 ұпай жинаған «Ақжайық» бұрынғысынша сегізінші орында қалды. Команда бапкерлерінің айтуынша, биылғы мақсат - премьер-лигада нық орнығып қалу. Осының алдындағы турда «Ақтөбе» командасының Еуролига ойындарына қатысуына байланысты ақтөбеліктер мен «Ақжайықтың» ойыны кейінге қалдырылған болатын. Батысқазақстандықтар енді 19 тамызда чемпионат көшбасшыларының бірі «Таразбен» сырт алаңда күш сынасады. Содан кейін 26 тамызда Оралда Шымкенттің «Ордабасы» командасын қабылдайды.