ФУТБОЛ: «Ақжайықты» «Қызылжар» қапы қалдырды
Бұл ойын екі команда үшін де аса маңызды еді. Содан болар, футболшылар алаңда бір-бірінен шеберлігін асыруға ұмтылып қана қоймай, жиі-жиі ойын ережесін бұзды. Тіпті кейбіреулерінің жүйкесі сыр беріп, дөрекілікке жол берді. Алматылық қазы Рүстем Омаров сары қағазды аз көрсеткен жоқ. Оның әр команданың кемінде бір ойыншысын алаңнан қууға «мүмкіндігі» болды. Төреші әуелі сабырсыздық танытып, оңтүстікафрикалық Мусса Лиманеге қол сілтеген оралдық Сергей Шевцовты «аяса», содан кейін «Қызылжардың» шабуылшысы Давити Чагелишвилиге екінші сары қағазды суырмақ болып оқталғанымен, тәуекел ете алмады. Осылайша өрбіген кездесу барысында алдымен «Ақжайық» есеп ашты. 18-минутта оң қапталдағы әдемі комбинациядан кейін Эльдар Абдрахманов қақпа бұрышын дәл көздеді. Бірінші таймда есепті еселей түсуге мүмкіндік болмай қалған жоқ. Айдар Жақсыбекті алмастырған Иван Антиповтың пасынан кейін Олег Хромцов ұрымтал тұсты сәтті пайдалана алмады.
Екінші таймда қонақтар алға ұмтылды. Қатарынан екі рет берілген бұрыштама нәтижесінде 51-минутта оралдықтардың қақпашысы Роман Багаутдинов допты қақшып ұстай алмағандықтан, қарбалас сәтте «Қызылжардың» қорғаушысы Артем Хачатуров қақпаға сүңгіте салды. Осы кезде шабуылға жан бітірмек болған «Ақжайықтың» бас бапкері Талғат Байсофынов Алексей Мальцевтің орнына Николай Забродинді кіргізді. Бірақ ол керісінше ойынға қосылғаннан кейін-ақ, 56-минутта екінші доптың соғылуына түрткі болды. Н.Забродин оң қапталдан ұмтылған Д.Чагелишвилиді қолмен ойнады деп әрі қарай күреспей, жіберіп қойса, қақпашы Р.Багаутдинов та өз айып алаңынан шығып кетіп, қақпаны бос қалдырды. Бұдан кейін 64-минутта «Ақжайықтың» тәжірибелі қорғаушысы, болгариялық Янко Валканов шабуыл бастамақ болып пасты қонақтарға беріп қойды. Мұны да «Қызылжар» құр жіберген жоқ. Вадим Боровский есепті 3:1-ге жеткізді. Екінші таймда алаңға шыққан «қызылжарлық» Виталий Головешкин 90-минутта ойын нүктесін қойды. Сөйтіп белгілі маман Владимир Фомичев жаттықтыратын, құрамында 38 жасар қақпашы Роман Нестеренко, талай командада доп тепкен 1980 жылғы Али Алиев, қос бірдей «қара баласы» бар «Қызылжар» «Ақжайықтан» айласын асырып кетті.
Бұл турдан кейін премьер-лигаға шығуды мақсат еткен батысқазақстандықтардың жағдайы қиындап кетті. Әзірге 41 ұпаймен екінші орында тұрғанымен, бұдан кейінгі қос бірдей кездесуін сырт алаңда Семейде алдағы сенбіде бесінші орындағы «Спартакпен», одан кейін Өскеменде үшінші сатыда келе жатқан «Востокпен» өткізеді. 3 қазан күнгі келесі турда төртінші орындағы «Қызылжар» көш басына қайта шыққан Теміртаудың «Болатын» қабылдайды. «Ақжайық» маусымды 1 қараша күні өз алаңында осы «Болатпен» қорытындылайды.