Футболдан ӘЧ: Англия мен Бельгия өзара мықтыны анықтайды

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін түнде Калининградта футболдан әлем чемпионатының G тобында Англия мен Бельгия құрамалары өзара мықтыны анықтайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Екі турдан кейін 6 ұпайдан жинаған қос құрама жолдама мәселесін шешіп қойған-ды. Олардың тіпті доп айырмасына дейін бірдей - 8:2. Енді бірінші орын мәселесі алдағы ойыннан кейін шешіледі.

Осы топта Саранскіде өтетін Панама мен Тунис матчы көпшілікті қызықтыра қоймасы белгілі. Бұл командалар үшін  маңыздысы - ең болмаса соңғы ойында қарсыласын жеңіп не тең ойнап, ұпайға қол жеткізу. Содан кейін үйлеріне қайтады.

Англияның бапкері Гарет Саутгейт пен Бельгияның жаттықтырушысы Роберто Мартинес олар үшін плей-офф бәсекесіне шәкірттерінің күштерін сақтау маңызды екендігін жасырған жоқ. Сондықтан топтағы соңғы кездесуде жеңуді мақсат еткенімен, қос команда барлық «көзірін»  ашып тастамасы анық. 

Бельгия құрамасынан шабуылшы Ромелу Лукаку шықпауы мүмкін. Бәлкім, команда көшбасшысы Эден Азарға да демалыс берілер. Онысыз да Бельгия құрамасында мықтылар жетерлік. Қазірдің өзінде 5 гол соғып, мергендер көшін бастаған Гарри Кейндей сұрмергені бар Англия сапында алғашқы минуттан Джейми Варди мен Маркус Рэшфорд алаңнан табылуы мүмкін.

Словениялық Дамир Скомина қазылық ететін матчқа алдын ала мәлімет бойынша мына ойыншылар шығуы мүмкін.

Англия: Джордан Пикфорд, Данни Роуз, Джон Стоунс, Кайл Уокер, Гарри Кэхилл, Джордан Хендерсон, Рубен Лофтус-Чик, Джесси Лингард, Фабиан Делф, Маркус Рэшфорд, Гарри Кейн.

Бельгия: Тибо Куртуа, Дедрик Бойата, Тоби Алдервейрельд, Томас Менье, Ян Вертонген, Маруан Феллайни, Кевин де Брюйне, Янник Феррейра-Карраско, Дрис Мертенс, Торган Азар, Миши Батшуайи.

Айта кетейік, G тобында озып шыққан команда Н тобындағы екінші құрамамен жолдары түйіседі. Ал екінші орын алған команда Н тобының жеңімпазымен шайқасады.

Соңғы жаңалықтар