Футболдан ӘЧ: Месси бастаған Аргентина топтан шыға ала ма

АСТАНА. ҚазАқпарат  - Бүгін түнде Санкт-Петербор қаласында футболдан әлем чемпионатының D тобында Нигерия мен Аргентина құрамалары алаңға шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Мамандар ең қиын топ деп атаған D төрттігінде Хорватия құрамасы ғана 6 ұпаймен плей-офф жолдамасына ие болды. Екінші жолдамадан үш бірдей команда үмітті.

Аргентина Нигерияны ұтқанның өзінде топтан шыға алмауы мүмкін. Өйткені Исландия Хорватияны жеңсе, онда доп айырмасы есептеледі. Бұл жөнінен хорваттардан 0:3 есебімен ойсырай жеңілген аргентиналықтар артта тұр. Нигерия Аргентинаны тізе бүктірсе не тең ойнаса, тосын нәтиженің көкесі сонда болады. Онда 2014 жылғы әлем чемпионатының финалисі топтан шыға алмайды. Нигерия басымдылық танытса, жолдамаға сөзсіз ие болады. Тең ойнаса, Исландия хорваттарды жеңе алмаған жағдайда топтан шығады.

Аргентиналық жанкүйерлерге өз командасының төңірегіндегі жанжал да қол болмай тұр. Хорваттардан кейін ойыншылардың бас бапкер Хорхе Сампаолиге қарсы шығып, Нигериямен матчқа құрамды өздері таңдайтыны жөнінде әңгіме желдей есті. Дегенмен Аргентина футбол қауымдастығы Сампаолиді чемпионат біткенге дейін орнынан алмайтынын мәлімдеді. Бұл - әлем жұлдызы Лионель Месси бастаған команданың ең соңғы  мүмкіндігі. Бұдан кейін 31 жастағы Мессидің дүниежүзілік додаға қатыспайтыны белгілі. Сондықтан оның және командаластарының бұл матчқа не бел кетеді, не белбеу кетеді деп шығатыны анық. Оған қоса Исландиямен ойында 11 метрлік пенальтиді енгізе алмаған Месси әлі гол соққан жоқ.

Бір қызығы, бұған дейінгі әлем чемпионаттарында Нигерия Аргентинамен төрт мәрте жолдары тоқайласып, соның бәрінде бір доп айырмасымен ұтылған екен. Енді сол «дәстүрді» нигериялықтар бұза ала ма, оны алдағы бәсеке көрсетеді.

Түркиялық төреші Джюнейт Чакыр қазылық ететін матчта қарсыластар мына құрамда шығуы мүмкін.

Нигерия: Узохо, Абдуллахи, Балогун, Трост-Эконг, Эбуэхи, Ндиди, Этебо,Мозес, Микель, Мұса, Ихеаначо 

Аргентина: Кабальеро, Меркадо, Отаменди, Тальяфико, Сальвио, Маскерано, Меса, Акунья, Месси, Агуэро, Дибала.

Айта кетейік, D тобындағы екінші ойын Дондағы Ростовта «Ростов Арена» стадионында Исландия - Хорватия арасында өтеді.  D тобында озып шыққан құрама плей-офф кезеңінде С тобындағы екінші командамен кездеседі. Екінші жолдама иесі С тобындағы көшбасшы командамен шеберлік байқасады.

Соңғы жаңалықтар