12:25, 24 Қараша 2014 | GMT +5
ФУТЗАЛ: «Қайрат» командасы УЕФА Кубогының соңғы кезеңіне жолдама алды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматыда футзалдан УЕФА Кубогының Элиталық раундының «С» тобындағы ойындары аяқталды. Жергілікті «Қайрат» шағын футбол клубы үш ойын өткізіп, үшеуінде де жеңіске жетіп, УЕФА Кубогының соңғы кезеңі - Төрт команда финалына жолдама алды.

Бұл туралы «Қайрат» шағын футбол клубының баспасөз қызметінен хабарлады.
Кеше соңғы ойынын «Қайрат» командасы «Экономац» (Сербия) командасымен өткізді. Алматылықтар екі таймда да ойын тізгінін өз қолдарында нық ұстады. Алғашқы тайм 4:1 есебімен алматылықтардың пайдасына шешілді. Екінші таймда да «Қайрат» командасы қорғаныста қателіктерге бой алдырмауға тырысып, сәтті шабуылдар ұйымдастырды. Бұл күні команда сапында бразилиялық Лео үздік ойынымен көзге түсті. Ол екі голдың авторы атанды. Қорытынды есеп - 6:3.
Айта кетелік, «Қайрат» командасы бұған дейін «Никарс» (Латвия) командасын 11:2, ал «Спортингті» (Франция) 11:7 есебімен жеңген болатын.