Футзалдан УЕФА Кубогы: «Қайрат» екінші кездесуінде де жеңіске жетті

Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында басталған ойын аса тартысты өтті. Алғашқы таймда екі команда да ойын тізгінін өз қолдарына алуға күш салды. Дегенмен, «қайраттықтар» қателіктерге бой алдырмай, ұтымды ойнап, есепті бірінші болып ашты.
Ойынның 3-ші минутында Дуглас жалғыз өз екі қорғаушыны алдап өтіп, қақпаны дәл нысанаға алды. Есеп 1:0. Көп ұзамай Диваней есепті еселеді. Артынша «Спортингтің» жаттықтырушысы тайм-аут алып, шәкірттерін сабырлыққа шақырды. Соның арқасы болар, париждіктер үсті-үстіне екі гол салып, есепті теңестіріп кетті. Алайда Какаудың шәкірттері үшінші голды салып, тағы да алға шықты.
Екінші таймның алғашқы сәттері шиеленіске толы болды. Санаулы минуттың ішінде бірінен соң бірі - үш гол салынды. Бірінші голды париждіктер салса, артынша «қайраттықтар» тағы бір голдың авторы атанды. Көп ұзамай «Спортинг» командасы үшінші голды салды. Осылайша есеп 4:4-ке жетті.
Дегенмен, «қайраттықтар» саспай, өздеріне тән ойын өрнегін көрсете білді. Ойынның 26-шы минутында бразилиялық Лео алыс қашықтықтан гол салып, команданы алға шығарды. Есеп 5:4. Бір минуттан кейін Алешандро 6-шы допты салды. Жетінші допты Же салды, Ал 9-шы, 10-шы доп Жоанның еншісінде. Ал қарсыластар тарапынан Дави көзге түсіп, бір гол салды. Бұдан әрі Алешандро 10-шы доптың авторы атанды. Ал «Спортинг» көп ұзамай қатарынан екі гол салды. Ойын аяқталар сәтте «Қайрат» командасының ойыншысы Александр Довгань 11-ші голды салды. Қорытынды есеп 11:7.