Ғалым Жарылғапов атындағы халықаралық турнирде Қазақстанның 8 боксшысы жеңімпаз атанды

ҚАРАҒАНДЫ. Желтоқсанның 23-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше, желтоқсанның 22-сі күні, Қарағанды қаласында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалым Жарылғапов атындағы ХХVІ халықаралық турнир аяқталды,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі додаға алыс және жақын шетелдерден көптеген былғары қолғап шеберлері келді. Жарыс қорытындысында Қазақстанның 8 боксшысы жеңімпаз атанып, бас жүлдені жеңіп алды. Финалда Қазақстан спортшыларының жеңісті жолын 51 келі салмақта шаршы алаңға шыққан 18 жасар астаналық Жандос Ахметов бастады. Ол 23 жасар тәжірибелі қытайлық боксшы Ли Дязаонды 7:3 есебімен жеңді. 57 келіде қостанайлық Аслан Мұқанов шымкенттік әріптесі Жалғас Жүсіповтен басым түсті. Ал 60 келі салмақта қарағандылық Елдос Сайдалин өзбек спортшысы Фызлиддин Ғайыбназаровты 13:2 есебімен айқын жеңді. 64 келіде алматылық Батыр Жүкембаев өзбекстандық Өткірбек Нәзіровтан басым екендігін танытты. 69 келі салмақ бойынша Әлемнің екі дүркін жеңімпазы Серік Сәпиев өзбек елінің тәжірибелі боксшысы Оқтам Рақмоновты шаршы алаңда қуып жүріп, сабап тастады. Бұл кездесу 15:5 нәтижесімен аяқталды.

Финалда 75 келі салмағында күш сынасқан 19 жасар тараздық Хусан Баймытов қостанайлық Антон Пинчуктен 9:2 есебімен басым түсті.

81 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңда кездескен теміртаулық Алмат Серімов алматылық Марат Қиясовты 8:2 нәтижесімен ұтып, жарыс жеңімпазы атанды.

91 келіге дейінгі салмақтағы жарыс өте тартысты өтті. Қостанайлық 21 жасар Жан Косабуцки Кубаның тәжірибелі 24 жасар боксшысы, Әлем біріншілігінің күміс жүлдесінің иесі Акоста Дуарте Осмайға қарсы шықты. Үш раундта өзіне  кубалық қабыланның бірде-бір соққысын дарытпай, 5:0 есебімен Жан Кособуцки Ғалым Жарылғапов атындағы ХХVІ халықаралық турнирдің жеңімпазы болды.

91 килодан жоғары салмақта қарағандылық Виталий Бондаренко кубалық Роберт Альфонсо Асиамен кездесті. Соңғы нәтиже 3:3 есебімен аяқталды. Дегенмен қазылардың шешімі бойынша үш раунд бойы басымдық танытқан Куба боксшысы жеңіске жетті.

Осы турнирде 48 келіде рингке көтерілген тараздық Нұрлан Әбдірайымов өзбекстандық 17 жасар Жасүрпек Латиповқа 3:7 есебімен есе жіберді. Сол секілді 54 келі салмақта өнер көрсеткен 17 жастағы спортшымыз Алмас Жақыпов та Тәжікстаннан келген Ораз Авзашаловқа 4:3 нәтижесімен ұтылып қалды.

Осы халықаралық турнирге Куба бокс федерациясының вице-президенті, үш дүркін Олимпиада жеңімпазы, үш мәрте Әлем жеңімпазы, даңқты боксшы Теофило Стивенсон, үш дүркін Олимпиада жеңімпазы, бес рет Әлемдік жарыстың биік тұғырына көтерілген әйгілі боксшы Феликс Савон, атақты бапкер Сагарра Алсидес құрметті қонақ ретінде қатысты.

Соңғы жаңалықтар