Ғалымдар отандық ет шаруашылығын дамыту жүйесін әзірлеуге кірісті
Екікүндік мәжіліске АҚШ, Канада, Германия, Италия және Ресейдің ғалымдары мен сарапшы-мамандары қатысуда.
Конференцияны ашқан ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Сақташ Хасенов отандық мал шаруашылығының бүгінгі хал-ахуалына тоқталып, осы саланың ғылыми әлеуетін көтеру қажеттігін ерекше атап өтті. Вице-министр атап көрсеткендей, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында отандық ет шаруашылығын дамытуды көздейтін бірқатар ілкі жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. «2015 жылы экспортқа шығарылатын ірі қара малдың етін 60 мың тоннаға дейін жеткізу көзделген. Ол үшін біз мемлекет, бизнес пен ғылыми ортаның жұмысын бір ізге түсіруге тырысуымыз қажет», - деді С.Хасенов.
Айта кетейік, ғылыми мәжіліс аясында шетелдік мамандардың қатысуымен ірі қараның герефорд, ангусс, шаролез, симменталь, обрак, лимузин және тағы басқа түрлерінің сипаттамасы жан-жақты талқыланып, осыған орай арнайы сессия өткізу жоспарланып отыр. Конференцияның негізгі мақсаты - әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, отандық ет және сүт шаруашылығын дамыту жұмысын ғылыми-ақпараттық жағынан қамтамасыз етудің тиімді жүйесін әзірлеу.