Ғалымжан Елшібай журналистер одағының атқарушы директоры болып тағайындалды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ғалымжан Елшібай Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Қазақстан журналистер одағының басқарма мүшелері мен қалалық, облыстық филиал төрағаларының қатысуымен жиын өтті. Онлайн форматта өткен басқосудың күн тәртібінде журналистердің құқықтарын қорғау, республикадағы өңірлік филиалдардың жұмысын жандандыру, мүшелік жарналарды жинау секілді маңызды мәселелер қаралды», - деп жазылған аталған одақтың Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, хабарламада одақ құрылымында бірқатар кадрлық өзгерістер орын алғаны айтылған.
«Басқарма басшылығының шешімімен Қазақстан журналистер одағының атқарушы директоры болып белгілі журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Түркістан облысындағы тілшісі, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай тағайындалды. Бұл жауапты қызметті Ғалымжан Қамытбекұлы Қазақстан журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағалығымен қоса атқаратын болды. Бұдан бөлек, одақтың Астана қалалық филиалының төрағасы болып Әмір Қасенов бекітілсе, Қостанай облыстық филиалын басқару Александра Серғазиноваға тапсырылды», - деп хабарлайды одақтан.
Жиында одақ төрағасы Сейітқазы Матаев жаңа қызметке тағайындалған әріптестерін құттықтап, сәттілік тілеген.
Өз кезегінде жауапты қызметке кіріскен Ғалымжан Елшібай басқарма мүшелері мен әріптестеріне алғысын жеткізіп, одақ жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын мәлім еткен.