«Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС темірбетон бұйымдарын шығаруда алдыңғы қатарда келеді (ФОТО)
Серіктестіктің бас директоры Әлібек Әжмағамбеттің айтуынша, кәсіпорын Орал қаласы мен облыс аудандарында әлеуметтік сала нысандары, сауда-ойын-сауық орталықтары, тұрғын үйлер үшін өнім жеткізіп қана қоймай, Қарашығанақ пен Чинарев мұнайгаз кеніштеріндегі бұрғылау алаңдарын жайластыруға қатысады. Сонымен қатар, көршілес Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстарында кеніштер мен түрлі мақсаттағы нысандарды да қажетті өнімдермен қамтамасыз етеді.
2009 жылдан бері «Гидромаш-Орион-МЖБК» ЖШС-да ИСО 9001:2008, сапа менеджменті, ИСО 14001:2004 экология менеджменті, еңбек қорғау және кәсіби қауіпсіздік саласындағы OHSAS 18001:2007 менеджменті жүйесі енгізілген.
Арнайы жабдықтармен жасақталған аккредиттелген сынақ зертханасында мамандар өнім (цемент, қиыршықтас, құрылыс құмы, құрыш арматурасы) дайындау үшін ішкі бақылау жүргізеді. Сондай-ақ темірбетон бұйымдарын өндіру барысына араласады. Өнім сапасын техникалық бақылау бөлімі тексереді.
Сапалы өнімге бағыт ұстау саясаты темірбетон бұйымдарын шығаруда алдыңғы қатарда болуға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 250-ден астам адам еңбек етеді. Жоғары білікті жұмысшылар мен сауатты инженер-техникалық қызметкерлер барлық істі жұмыла атқаруда. Олардың арасында еңбек майталмандары аз емес. Еңбек қорғау жөніндегі оқу кабинетінде жұмысшылар шеберлігін жетілдіріп, аттестациядан өтеді. Кәсіпорында темірбетон бұйымдарын өндіретін қос цехқа қоса қоймалар, теміржол тұйығы, уақытша сақтау орындары, екі тепловоз, 30 тоннаға дейін жүк көтере алатын крандар бар.
Кәсіпорын 2008 жылы облыста алғашқы болып республикалық «Алтын сапа» байқау-көрмесінің екінші дәрежелі дипломын иеленді. Сол жылы құрама темірбетонды жаңа қалыппен өндіретін жоғары технологиялы зауыт салынып, оның ашылу рәсіміне Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қатысты. Бұл зауытта өндіріс мерзімі барынша қысқартылып, өнімнің сапасы жақсартылып, көлемі көбейтілді.
Зауыт Қазақстанның бүкіл батыс өңірін темірбетонмен қамтамасыз ету мақсатында тұрғызылды. Орал қаласында кәсіпорынның географиялық жағынан қолайлы орналасуы тұтынушыға дейінгі кететін шығынды қысқартып, өнімді жедел жеткізуге мүмкіндік береді.