12:45, 10 Тамыз 2010 | GMT +5
Горно-Алтайск қаласында аймақаралық және шекаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссияның отырысы өтуде
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат - Ресейдің Горно-Алтайск қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының арасындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық комиссияның Аймақаралық және шекаралық ынтымақтастық жөніндегі кіші комиссиясының 10-шы мәжілісі өтіп жатыр. Бұл туралы ҚазАқпаратқа Қазақстанның Экономикалық даму және сауда министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Қазақстандық тараптың делегациясына - Экономикалық даму және сауда министрлігінің вице-министрі Тимур Сүлейменов, ресейлік делегацияға - РФ Аймақтық даму министрінің орынбасары Максим Травников жетекшілік етеді.
Кіші комиссияның кеше өткен сарапшылар мәжілісінде шекара ынтымақтастығы саласындағы, көлік, қоршаған ортаны және табиғи ресурстарды қорғау саласындағы мәселелер қаралды.
Ал бүгін тараптар, қыркүйектің 6-7-сінде Өскеменде екі ел басшыларының қатысуымен өтетін Аймақаралық және шекаралық ынтымақтастықтың VII форумының аясында қол қоюға жоспарланған келісім жобалары бойынша негізгі мәселелерді талқылайды.