09:00, 05 Маусым 2009 | GMT +5
Грузия ТМД-дан шыққаннан кейін де Достастық аясындағы 76 келісім-шартқа қатыса береді
МИНСК. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - Грузия Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығынан шыққаннан кейін де, Достастық аясында қабылданған 76 келісім-шартқа қатысуын жалғастыра береді.
Грузияның Достастық органдарының халықаралық келісім-шарттары мен шешімдеріне қатысуы туралы мәселені қарау жөніндегі сарапшылар тобы маусымның 3-4-інде Минскіде ТМД Атқарушы комитетінде өткен кеңестің қорытындысы бойынша осындай шешім қабылданды, деп хабарлады ҚазАқпаратқа комитеттің баспасөз қызметінен. Естеріңізге сала кетейік, 2008 жылғы тамыздың 18-інде Грузияның Сыртқы істер министрлігі ТМД Атқарушы комитетіне елдің Достастық аясынан шығатыны туралы нота жіберген болатын. ТМД Жарғысының 9-шы бабына сәйкес, мемлекет бұлай етуге құқылы. Мұндай ниет туралы мемлекет Достастықтан шығардан 12 ай бұрын хабарлайды. Бірақ та Достастыққа қатысу кезеңінде туындаған міндеттемелер олар толық орындалғанша сақталатын болады.