Грузияда 2013-2020 жылдарға арналған кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік стратегиясы жасалды
«Грузияда кәсіптік білім реформасы 2009 жылы кәсіптік білім туралы заң қабылданғаннан кейін басталды. Оған дейін кәсіптік білімді негізінен қоғамдық білім беру мекемелері жүзеге асырып келген еді. Қазіргі таңда оның үлесі 16 пайызды, ал жекеменшік білім беру мекемелерінің үлесі 84 пайызды құрайды», - дейді экономика ғылымдарының докторы Кахабер Ерадзе.
Оның айтуынша, кәсіптік білім беруді дамытуға кәсіптік және жоғары білім беру мекемелері студенттерінің әлеуметтік мәртебесінің теңестірілмеуі өз ықпалын тигізуде. Мәселен, кәсіптік білім беру мекемелерінде оқитын студенттер қоғамдық көлікте тегін жүру, сақтандыру сияқты әлеуметтік жеңілдіктерді пайдалана алмайды. Сондықтан жекеменшік колледждер қауымдастығы бірнеше заңдар мен оның аясындағы заң актілері жобасына бастамашы болды. Сондай-ақ оның белсенді қатысуымен 2013-2020 жылдарға арналған кәсіптік білім беруді дамытудың мемлекеттік стратегиясы жасалды.