Халыққа тегін берілетін 3500 дәрінің 20%-ынан қауіпсіздік стандартына сәйкессіздік анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Мұратов Үкімет отырысында халыққа тегін беріліп келген кейбір дәрілерді Қазақстан аумағында тіркеу уақытша тоқтатылғанын айтты.
— Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылау мақсатында елімізде 2 зертхана жұмыс істейді.
Биыл 1 723 дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша 43 дәрілік заттарда сәйкессіздік анықталып, олар нарықтан алынып тасталды, — деді ол.
Министрлік тұрғындарға тегін берілетін 3 500 дәрілерінің тиімділігі мен қолдану барысындағы тәуекелдерді бағалап, 20%-ынан сәйкессіздік анықтаған.
— Осыған байланысты өндірушілер тіркеу құжаттарына өзгерістер енгізіп, ал күрделі жағдайларда препараттың тіркелуі уақытша тоқтатылады, — деді Тимур Мұратов.
Айта кетейік, бүгін Үкімет халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын талқылап жатыр.