Халқының 43 пайызы ауылда тұратын Қазақстан жасыл экономиканы ұтымды пайдалана алады - БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі

Астана экономикалық форумы аясындағы «Жасыл экономика» сессиясына қатысқан БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰ Даму бағдарламасы әкімшісінің көмекшісі, Еуропа және ТМД елдеріне арналған аймақтық бюроның директоры Жихан Сұлтаноғлу ханым бұл ұтымды тұс - ауыл халқын еңбекке тарту деп атап өтті.
«Жасыл экономика бойынша Қазақстанның жақсы старты бар. Мұнай мен газдың сұранысы жоғары кезде Қазақстан жасыл экономикаға қажетті мүмкіндіктерді көре білді. Ең басты атап өтерлігі, Қазақстан энергия мұқтаждықтарының 30 пайызын жаңартылған энергия көздерінен жабу мақсатын ұстанып отыр»,-деді Ж.Сұлтаноғлу.
Әрине, бұл ретте сарапшы 2017 жылы Астанада өтетін мамандандырылған халықаралық ЭКСПО көрмесінің тақырыбы да «Болашақтың энергиясы» екенін атап өтті.
«Қазақстанның осындай жаңалықтарға бет алғаны бізді қуантады. Алайда, қуанышты жаңалықтармен қатар, назар аударуды қажет ететін түйткілді мәселелер де бар. Мысалы, Қазақстан энергия тұтыну бойынша Орта Азия елдерінің арасында ең жоғары көрсеткіш көрсетіп отыр. Алдағы отыз жылдағы экономиканың дамуын ескерсек, өңірде су ресурстары 50 пайызға азайып кетуі мүмкін деген қауіп бар. Бұның барлығы маңызды сипатқа ие. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне де кері ықпал етуі мүмкін. Мен айтып отырған осы факторлар кез келген экономиканың драйвері екені анық. Сондықтан, халқының 43 пайызы ауылшаруашылық жерлерінде тұратын Қазақстан ауылдық жерлердегі адамдарды жасыл экономика арқылы жаңа жұмысқа тарта алады»,-деген пікірін білдірді ол.