«Халық» газеті өз оқырмандарының оң бағасын алып отыр

2000 жылы шілде айында алғашқы саны жарық көрген басылым еліміз бен Сыр өңірінің жаңалықтарын жариялауда өзіндік дәстүрін қалыптастырды. Көкейкесті мәселелерді қозғайтын, оқырманға ой салатын ауқымды материалдар да, өткір сын мақалалар да газет бетінен орын алды.
Айта кету керек, «Халық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі аясында қазір «Халықпен» бірге «Нұр» және «Ақмешіт апталығы» газеттері де шығып отыр. Атап айтқанда, «Нұр» газеті жалпы оқырмандарға, оның ішінде жас ұрпаққа ислам құндылықтарын ұғындыруға арналған болса, «Ақмешіт апталығы» қаланың басты жаңалықтары мен өзекті мәселелерін қамтуды мақсат тұтқан.
Осы басылымдарды шығарып отырған шығармашылық ұжымға филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Сақыпұлы жетекшілік етеді.
«Осыдан 10 жыл бұрын ат төбеліндей аз ғана шығармашылық топ халықтың арман-мақсатын қозғайтын басылым болсын деген ниетте «Халық» газетін шығаруға тәуекел жасадық. 10 жыл бұрынғы уақыт егемен елімізде ұлттық сана, ұлттық парасат-пайым жаңаша түрленіп, өзгеше реңк алған кезең еді. Көп мәселеге талап биік деңгейде қойыла бастаған болатын. Біздің алдымызда бір-ақ жол бар еді. Ол - заман көшіне ілесіп, ел сүйетін, жұрт оқитын басылым жасау, болмаса өз шаңымызға өзіміз тұншығып, көш соңында құр салпаңдау күтіп тұрды. Сол кездің өзінде елімізде, өңірімізде газет атаулының бірі ашылып, бірі жабылып, жалпы айтқанда, газет шығару ісі сәнге айналып үлгерген. Алланың қолдағаны болар, тағдырымызға ел ықыласына бөлену жазылған екен. Осы 10 жылда «Халық» газеті іздейтін, апта сайын күтетін, газетімізден жанына жақсылық табатын оқырман таптық»,- дейді «Халық газеті» ЖШС бас директоры, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Сақыпұлы.