Халық Қаһарманы Азамат Жұмаділов келесі жылы Мәскеуге оқуға аттанбақшы

«Сол күні ата-анам үйге кеш оралды және түнгі бірдің шамасында анам сіңлісінің үйіне апарып келуді өтінді, - деп еске алады Азамат Жұмаділов. - Мәшинені оталдырдым да жүріп кеттік. Ескі бір үйдің жанынан өтіп бара жатқанымызда будақтап шығып жатқан қара түтінді көзім шалды. Тоқтаған сәтте күндіз аулада ойнап жүрген балалар бірден ойыма оралды. Мәшинеден шыққан кезімде отқа оранған үйдің ішінен көмекке шақырған жанайқайды естідім. Қол ұшын беруге ұмтылдым - құлыпты жұлып алып, есікті сындырдым. Көзіме бірден түскені - қорқыныштан есі шыға шыңғырған бала және оның айналасында жүгіріп жүрген ана болды. Қолтығыма баланы қысып алдым да, екінші қолыммен, кез келген сәтте жарылуға шақ тұрған газ баллонын ұстап алып, аулаға атып шықтым. Одан кейін үйдегі қалған жандарды - түтінге тұншыққан сегізінші сыныпта оқитын ер баланы және бірінші курс студенті - бойжеткенді құтқаруға ұмтылдым. Олар бұл кезде түтіннен иістеніп, шығатын есікті таппай қалса керек. Олардың аналарының да есі шығып, не істеп, не қойып жүргенін білмейді: түтінге қармаланып балаларының заттарын жинауға әрекеттенеді. Маған оны күштеп үйден алып шығуға тура келді».
Кейіннен белгілі болғанындай, аға лейтенант Азамат Жұмаділов өртке оранғандарды арашалауға ұмтылған кезінде екі метрлік темір қақпаға бекітілген темір білікті сындырып жіберіпті.
«Мұндай жуан білікті қалайша сындырғаныма қазір ақылым жетпейді, - деп таңғалады Азамат. - Қазір сындыр десе - қолымнан келмеген болар еді».
Ананы және оның балаларын от ортасынан алып шыққаннан кейін лейтенант өрт сөндірушілер жасағын және жедел жәрдем көмегін шақырады. Әскери бөлімшенің қолбасшысы Серік Есқалиев қарауындағы қызметкердің ерлік ісін атап өту жөнінде шешім қабылдайды және бөлімше атынан Азамат Жұмаділовты марапаттау туралы ҚР Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығына рапорт береді. Бүгінгі күні Азамат жоғарғы атаққа ие болғанын - Халық Қаһарманы атанғанын мақтаныш тұтады және Қапшағай қаласындағы әскери бөлімшелердің бірінде батальон қолбасшысының тәрбие-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары болып абыроймен қызмет етіп келеді.
Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов Жаңа жыл қарсаңында ержүрек жігітке су жаңа автокөліктің кілтін тапсырды, сондай-ақ Алматы облысының Құрметті азаматы деген атақ берді.
Қазір Үштөбеде оның анасы - Гүлнәр Қасенова тұрады. Сол бір ер жігітке сын болған түні ардақты ана ұлының қасында болған еді. Ол осы шағын қалашықтағы жергілікті базарда сауда жасайды. Матай стансысында, көпбалалы отбасында дүниеге келген - олардың шаңырағынан 10 ұл-қыз өрбіді. Гүлнәр арманшыл болатын - ылғи да алыс жерлерге сапар шеккенді қалап тұратын. Бірақ адамның ойы емес, тағдырдың жазғаны болады екен. Азаматтың әкесіне 25 жыл бұрын тұрмысқа шығады. Ел мақтаған жігітіміз 1984 жылы туады, одан кейін інісі - Асхат дүниеге келеді.
Гүлнәр Қасенова ұлының басын қатерге тіккен сол бір түнді жаны түршіге отырып еске алады: «Өртті көріп, менің есім шығып кетті. Жанұшыра айқайлап, жұртты көмекке шақырдым. Қарасам - балам жүгіріп келеді. Бір қолында сәби, бір қолында газ баллоны. Баланы маған қалдырды да, өзі өртке қарай қайта жүгірді (қазір Гүлнәр қатты қорыққанын және баласын от ортасына жібергісі келмегенін жасырмайды). Осы сәт әлі күнге дейін бала санап келген ұлымның бойынан ер жігіттің нышанын көрдім. «Ісің дұрыс» дедім іштей. Оған дұрыс тәрбие бергенім үшін мақтандым. Иә, тәрбие көрген кез келген адам оның орнында осылай жасаған болары еді».
Келесі жылы Азамат Жұмаділов Мәскеу әскери институтына оқуға бармақшы.
Енді, бір кездердегі арманшыл Гүлнәрдің - «алыстарға сапар шеккенді қалайтын, басқа елдерді көргісі келетін» ойының орындалатынына еш күмәндануға болмайды.